Қытайда жасы шамамен 200 млн жыл болатын динозавр іздері табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Палеонтологтер Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясындағы жартастан динозаврлар мен басқа да омыртқалыларға тиесілі 20-дан астам із тапты, деп хабарлайды Синьхуа.
Олардың айтуынша, бұл жаңалық шамамен 200 миллион жыл бұрынғы динозаврлардың ерте эволюциясын жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
Іздер өткен айда Дуцзянъянь қаласының аумағында табиғатты сүйетін бір азаматпен табылған, ал олардың шынайылығын кейін Қытай геологиялық ғылымдар университетінің (Бейжің) доценті Син Лида жетекшілік еткен зерттеу тобы растады. Дуцзянъяньда динозавр іздері алғаш рет анықталып отыр.
Син Лида бұл іздер әртүрлі көлемдегі тероподтарға — жыртқыш динозаврларға, сондай-ақ адам қолының ізіндей болып келетін және ерте архозавр рептилийлеріне жатқызылған іздерге тиесілі екенін айтты.
— Бұл жаңалықтың ерекше құнды тұсы — іздер кем дегенде төрт қабатта сақталған. Осыған байланысты динозаврлар бұл жерде ұзақ уақыт өмір сүрген деп болжауға болады, — деді Син Лида.
Зерттеушілер бұл іздердің жанынан құлаған бөренелер мен тігінен тұрған шіріген түбірлерді қоса алғанда, қазбаға айналған ағаштардың бөліктерін де тапқан. Олар 200 миллион жылдан астам уақыт бұрынғы жергілікті экожүйе туралы жаңа мәліметтер береді.
Сычуань провинциясындағы Цзыгун қалалық динозаврлар музейінің зерттеушісі Цзян Шань табылған іздер Қытайдағы динозаврлардың ерте эволюциялық тарихын ғалымдардың жақсырақ түсінуіне көмектесуі мүмкін екенін айтты.
Бұдан бұрын ресейлік палеонтологтер Тәжікстаннан үйрек тұмсықты динозаврдың бас сүйегінің сынығын тапқанын жазғанбыз.