Қытайда тағы да жұмыссыздық деңгейі өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Ресми дерекке сәйкес, 2024 жылдың ақпан айында Қытайда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 16,9%-ға жеткен.

Қытайдың Ұлттық статистика бюросы бүгін жариялаған мәліметтерге сәйкес, қаңтар, ақпан айларында Қытайдағы жұмыссыздық деңгейі 16-24 жас аралығындағы (мектеп оқушылары мен студенттер қамтылмайды) жұмыс күші арасында 16,1%-дан 16,9%-ға; 25-29 жас аралығындағы (студенттер қамтылмайды) жұмыс күші арасында 6,9%-дан 7,3%-ға; 30-59 жас аралығындағы жұмыс күші арасында 4%-дан 4,3%-ға көтерілген.
Сонымен қатар ақпан айында қалалық жерлерде анықталған жұмыссыздық деңгейі 5,4%-ға жетіп, соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.
2023 жылдың маусым айында Қытайда 16-24 жас аралығындағы жұмыс күші арасында жұмыссыздық деңгейі 21,3%-ға дейін көтерілген болатын. Ізінше Қытай билігі «жұмыссыздық туралы статистикасын жетілдіру қажеттілігіне» байланысты жас топтары бойынша жұмыссыздық көрсеткіштерін жариялауды уақытша тоқтатқан еді.
Тиісті деректер тек 2024 жылдың қаңтарынан кейін қайта жаңартыла бастады, алайда мектеп оқушылары мен студенттер 16-24 және 25-29 жас аралығындағы жұмыс күшінің құрамына қамтылмайтын болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қытайда шетелдік инвестицияның нақты көлемі өткен екі айда 20%-ға азайғанын жазған едік.