Қытайдағы Дүниежүзілік ойындар кезінде италиялық спортшы қайтыс болды
АСТАНА.KAZINFORM — 7-17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындар кезінде италиялық спортшы Маттиа Дебертолис қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Халықаралық Дүниежүзілік Ойындар қауымдастығы (IWGA), Чэнду 2025 Дүниежүзілік ойындарды ұйымдастыру комитеті (LOC) және Халықаралық бағдарлау федерациясы (IOF) бірлескен мәлімдемеде спортшының 2025 жылғы 8 тамыз, жұма күні таңертең ерлер арасындағы орта қашықтықты бағдарлау жарысы кезінде ес-түссіз жатқан жерінен табылғанын хабарлады.
Қытайдағы жетекші медициналық мекемелердің бірінде жедел білікті медициналық көмек алғанына қарамастан, ол 2025 жылы 12 тамызда қайтыс болды. Ұйымдастырушылар спортшының отбасы мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл әлемдік бағдарлау қауымдастығына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Мәлімдемеде IWGA, LOC және IOF италиялық спортшы Маттиа Дебертолистің отбасына және бағдарлау қауымдастығына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратыны айтылған.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік ойындар — Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбеген спорт түрлерінен халықаралық кешенді жарыстар. Олар 1981 жылдан бастап төрт жылда бір рет өткізіліп келеді. Биыл Қытайдың материктік аймағында алғаш рет өткізіліп жатыр.
Бұған дейін Қытайдың Чэнду қаласында 2025 жылғы Дүниежүзілік ойындар ресми түрде ашылғанын жазған болатынбыз.