Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы ішкі туризмге қандай серпін берді

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып, аспан асты елінің ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтті.

Год туризма Казахстана в Китае: итоги и достижения
Коллаж: Kazinform/ Pexels/Freepik

Екі ел басшысының бастамасымен туризм жылы деп жариялаудағы мақсат – Қазақстанның туристік әлеуетін аспан асты елінің жұртына кеңінен таныстыру, танымал ету, мәдени және іскерлік тәжірибе алмасу, сондай-ақ екі халық арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту болатын. Қытайдан кем дегенде жарты миллион турист келіп, 300 миллион АҚШ доллары көлеміндегі туристік қызметтерді экспорттау межеленді.

Туризм және спорт министрлігі айтулы жылдың бірыңғай жоспарын бекітті, оның ішіне бірнеше бағыт бойынша іс-шаралар кірді. Атап айтқанда, туризмді ілгерілетуде маркетингтік құралдар пайдалану жолға қойылып, іскерлік кездесулер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Барлығы да Қытайдың жетекші туристік компанияларымен байланысты нығайтуға бағытталған.

Қазақстан туризмі жылы Бейжіңде 28 және 29 наурызда ресми ашылды. Сол күндері екі ел арасындағы туристік және мәдени қарым-қатынасты дамыту, туризм саласына инвестиция тарту жоспары талқыланды.

Ресми ашылу салтанаты Қытай ұлттық опера үйінде өтті. Іс-шараға 500-ден астам қонақ қатысты, оның ішінде Қытайдың 30-дан астам орталық медиасы бар. Ресми ашылған соң жыл ішінде ай сайын екі ел аумағында іскерлік және мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұрды.

Жыл бойы Қазақстанның туристік қызметі мен өнімдері ITB China, ITE Hong Kong, COTTM және China International Medical Tourism Fair сияқты төрт туристік көрмеде насихатталды. Көрмелерге қатысу Қазақстанға Қытайдың жетекші туроператорларымен 50-ден астам жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді. Бүгінде олардың кейбірі Қазақстанды өз каталогтеріне енгізді.

Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы
Фото: Kazinform

Сондай-ақ баспасөз туры мен таныстыру сапарлары жарнамалаудың ең тиімді құралдарының бірі болды. Жыл бойы Қытайдың ірі қалалары мен өңірлерінде отандық туризмді таныстыруға бағытталған 10 тур ұйымдастырылды, оған сала өкілдері, сондай-ақ желіде жиынтығы 100 миллионнан астам оқырманы бар 30 әлеуметтік желі белсендісі (блогер) қатысты.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мәліметінше, туристік көрмелерге қатысу және ақпараттық турларды ұйымдастыру Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуді қамтамасыз ете отырып, өңірлермен бірлескен негізгі жұмыс бағытының бірі болып қала береді.

Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматы қаласы - қытайлық туристер үшін Қазақстандағы ең танымал туристік аймақ атанды. Қытайдың Шанхай, Гонконг, Сиань және астанасы Бейжіңде туризм күндерін өткізді. Сонымен қатар заманауи Астана-Бейжің қаласындағы роуд-шоу аясында іскерлік және медициналық туризмді жаңа бағыт ретінде дамыту ұсынылды.

Сондай-ақ, Қазақстанды туристік бағыт ретінде тиімді ілгерілету үшін Астана, Пекин, Алматы, Үрімші және Гонконг қаласында 300-ден астам екіжақты кездесулер өтті.

Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетуге және қызығушылықты арттыруға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көп көңіл бөлінді. Қазақстан туралы 3 сериялы Bond with China деректі фильмі Қытайдың ең ірі ССТV-4 арнасында көрсетілді. Ал маркетингтік платформалардың көмегімен, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің серіктестік жобасы аясында елімізге танымал блогерлердің келуі бойынша әлеуметтік желілерде 60 млн-нан астам рет қаралды.

Екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты тереңдету мақсатында өңір әкімдіктері Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Деджоу және Ланфан қаласында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы шығармашылық ұжымының гастроль туры ұйымдастырылды. Сондай-ақ Тяньцзинь қаласында ҚР Ұлттық музейінің көрмесі өтті. Туризм жылының ашылуы аясында Бейжіңде «Наурызфест» этнофестивалі ұйымдастырылып, қазақ халқының бай мәдениетін көрсетті, ал Үрімші қаласында гастрофестиваль өткізілді.

Фестиваль «Наурыз Фест» прошел в Пекине
Фото: Руслан Сулейменов/Kazinform

Қазақстан мен Қытайда автотуризм танымалдығының артуына байланысты осы бағытты дамыту мақсатында бірнеше халықаралық іс-шара өтті. Оның ішінде «Жібек жолы» автошеруі, Жібек жолы бойынша мото-тур және «Paris-Peking Motor Challenge» халықаралық іс-шарасы Қазақстанның автотуристер үшін тартымды ел ретіндегі имиджін нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар бұл іс-шара инфрақұрылым мен ілеспе қызметтердің дамуын ынталандырады. Осындай бастамалардың арқасында Қазақстан халықаралық автотуризм картасында маңызды орынды иеленді.

Қазақстанға келетін қытайлықтардың саны өсті. Kazakh Tourism ұлттық компаниясының сандарын сөйлетсек, биыл 11 айда 605 мыңнан астам аспан асты елінің тұрғыны бізге келген. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 65%-ға артық, яғни Қытай азаматтарының біздің мәдени және табиғи мұрамызға деген қызығушылығы артып келеді.

Шымбұлақ
Фото: Александр Павский/Kazinform

Сонымен қатар, туризм жылы аясында өңірлер, туристік компаниялар, агенттіктер мен медиа платформалар арасында 200-ден астам келісімге қол қойылды. 1,3 миллиард қамтуы бар ірі қытайлық медиа және әлеуметтік желілерде Қазақстанның туристік мүмкіндігі таныстырылды.

2025 жыл ресми түрде Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болып жарияланды. Бұл екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетеді және ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың жаңа мүмкіндігі.

Табиғат
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Айта кетсек, Үкіметтің есебінше 2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адам болды, бұл - 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты.

туризм
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Сонымен қатар туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды артқан. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға ұлғайып, 668,1 млрд теңге болды. Негізгі жобалар қатарында алдын ала құны 194 млрд теңге болатын Астана туристік ауданы бар, ол 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, толық іске қосылғанда жыл сайын 10 млрд теңге салық аударымдарын түсіреді. Жобаның аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.

Айта кетсек, 2023 жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енген болатын.

Соңғы жаңалықтар