Қытайдағы отандастар референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс береді

АСТАНА. KAZINFORM – АЭС cалу бойынша референдумда дауыс беру үшін алғашқылардың бірі болып Қытайда шетелдік учаскелер ашылады. 

Қытайдағы қазақтар референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс береді
Фото: Цяо Юньфэн/russian.cri.cn

Референдум учаскелері Қазақстанның Бейжің, Шанхай және Гонконгтағы дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған. № 389 учаске Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің ғимаратында – Бейжің қаласында орналасқан. 

– Республикалық референдумға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дауыс беру күні, орны және уақыты туралы ақпарат орналастырылды, - деп хабарлады № 389 учаскесіндегі сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аққошқаров. 

Оның айтуынша, № 389 референдум учаскесіне Бейжіңнің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, сондай-ақ ҚХР-да уақытша жұмыс істейтін және тұратын отандастарымыз, қазақстандық туристер және іссапарда жүргендер келеді деп жоспарланған. 

Бейжің, Шанхай және Гонконгтағы референдум учаскелері жергілікті уақыт бойынша 7.00-де ашылады, ал дауыс беру 20.00-де аяқталады. 

Бұған дейін біз Лондон мен Бішкектегі сайлау учаскелері Қазақстандағы АЭС бойынша референдумға қалай дайындалып жатқаны туралы жазған болатынбыз.