Қытайдағы қысқы Азия ойындары бізге үлкен тәжірибе болды – Алтай Жәрдембекұлы
ХАРБИН. KAZINFORM – Қазақстандық конькимен жүгіруші Алтай Жәрдембекұлы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Харбиндегі қысқы Азия ойындарынан көп сабақ алғанын айтты. Спортшы әңгіме барысында бүгін жүлдеге бір табан жетпей қалғанын айтып, көңіліндегі өкінішін жасыра алмады.

– Өкініштен өзегім өртеніп тұр. Бірақ ертеңгі соңғы жарыс күнінде бар күшімізді саламыз. Біз спринт сынында тек бір ғана медалға қол жеткіздік. Азия елдері спринттік сындарда өте жоғары деңгейде, олардың қатарында әлем және Олимпиада чемпиондары бар. Нәтижелері әлемдік рекордтарға өте жақын. Харбинде осы спортшылар бізді қапы қалдырды. Сол үшін бұл жарыс бізге үлкен тәжірибе болды, - деді спортшы.

Ол сонымен қатар алда келе жатқан Милан қысқы Олимпиада ойындарында да сәтті өнер көрсетуді де басты мақсат тұтып отқанын айтты.
– Алда Милан қысқы Олимпиада ойындары келе жатыр. Сол үшін, барлық күш-қуатымызды жинап, ол сынға да дайындаламыз. Шыны керек, Харбиндегі жарыстар өте қиын болды, бірақ ешқандай сылтауға себеп жоқ. Біз өзіміздің қандай қателік жібергенімізді білдік және сол қатемен жұмыс істеуді қолға аламыз. Басты мақсат – Милан Олимпиадасы. Қазақстан қоржынына тарихи жүлде сыйлағымыз келеді, - деді Алтай Жәрдембекұлы.
Айта кетейік, бүгін қазақстандық конькимен жүгірушілер ерлер арасында 500 метр және әйелдер арасында 3 000 метр жарысында өнер көрсетіп, Евгений Кошкин 4-орын, Надежда Морозова 4-орын алды. Сондай-ақ Қазақстан ерлер құрамасы командалық із қуу сынында төртінші орынды місе тұтты.