Қытайдағы түнгі базарда атыс болып, екі адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Хубэй провинциясы, Ухан қаласындағы түнгі базарда 18 мамыр, жексенбі күні атыс болып, кем дегенде екі адам жарақат алды, екі адам көз жұмған.

Қытайдағы түнгі базарда атыс болып, екі адам қаза тапты
Фото: pexels.com

Сингапурдың «Lianhe Zaobao» басылымының хабарлауынша, 18 мамыр күні кешке әлеуметтік желілерде Ухан қаласының Цяокоу ауданы, Чунжэнь көшесіндегі түнгі базарда жергілікті уақытпен сағат 22:00 шамасында кәуап сататын түнгі базарда атыс болғаны туралы бірнеше бейнежазба тарады. Куәгерлердің айтуынша, қарулы адам кем дегенде төрт рет оқ атқан, салдарынан екі адам қаза тауып, қылмыскер оқиға орнынан қашып кеткен.

Желіде тараған бейнежазбада атыстан кейін оқиға орнында қан іздері мен шашылған заттар көрінеді. Бір ер адам орындықта отырып, басы артқа қарай шалқайған күйде ес-түссіз жатыр. Куәгерлердің айтуынша, орындықтағы ер адамның басына оқ тиіп, сол жерде қаза тапқан. Тағы бір жараланған ер адам жерде жатқан, ол да ауыр жарақаттан көз жұмған.

Желідегі ақпаратқа сәйкес, орындықта отырған ер адам кәсіпкер болған, ал жерде жатқан екінші жараланған адам оның көлік жүргізушісі екен.

Сингапурдың Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Ухан қаласының полициясы қылмыскердің ұсталғанын хабарлады, бірақ басқа мәліметтерді ашпады.

Соңғы жаңалықтар