Қытайдағы турнирде таэквондошы Самирхон Абабакиров күміспен күптелді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан «President’s Cup — Asian Region» халықаралық турнирінде таэквондошы Самирхон Абабакиров (63 келі) күміс медаль алды.

Дүниежүзілік таэквондо федерациясы Президентінің Азия аймағы бойынша кубогында ол финалға дейін үш жекпе-жек өткізді.
Қазақстан таэквондо федерациясының хабарлауынша, алдымен ол тағы бір қазақстандық спортшы Дулат Әбдімәлікті жеңсе, одан кейін ширек финалда Тайвань өкілі Хуанг Чо Ченгты тізе бүктірді.
Жартылай финалда Самирхон Оңтүстік Корея өкілі Жанг Жабинді жарыс жолынан шығарды.
Финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының және Гран-при кезеңдерінің екі дүркін жеңімпазы Джунг Джанге (Оңтүстік Корея) есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Батырхан Төлеуғали (80 келі) мен Азиза Каражанова (53 келі) қола жүлде алған еді.
Бұл үш медаль Қазақстан құрамасына 2026 жылғы Азия чемпионатына қатысу үшін қосымша жолдама иеленуге мүмкіндік береді.