Қытайдан Еуропаға тауар жеткізетін жүк терминалы Қырғызстанда салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстандағы «Манас» халықаралық әуежайында ауданы 40 мың шаршы метр болатын жүк терминалын салу жоспарланып отыр. Ол Қытайдан Еуропа мен Таяу Шығысқа тауар жеткізуге арналған логистикалық хабтың бір бөлігі болады. Бұл туралы «Кабар» агенттігі жазды.
Жоба туралы «Қырғызстан әуежайлары» ашық акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Манасбек Самидинов мәлімдеді.
Оның айтуынша, терминал құрылысы әуежайдың өз қаражаты есебінен қаржыландырылмақ.
Жоба халықаралық логистикалық компаниялардың талаптарына сай келетін А және В санатындағы кедендік бақылаудағы қоймаларды салуды көздейді. Олар жүктің әртүрлі түрлерін сақтауға арналған.
— Қойма салып қою жеткіліксіз. Халықаралық логистикалық компаниялардың өз стандарттары бар. Сол талаптарға сай болу үшін зертханалар мен арнайы қоймалар қарастырылуы керек. Мысалы, қауіпті жүктерді, медициналық препараттарды, тез бұзылатын азық-түлік пен өсімдіктерді сақтауға қажетті жағдай жасалуы тиіс. Сондай-ақ жүктің кейбір санаттары үшін стерильді үй-жайлар қажет, – деді Манасбек Самидинов.
Жобаға сәйкес, Қытайдан келетін тауарлар Қырғызстанға автомобиль көлігімен жеткізіліп, «Манас» әуежайындағы кедендік бақылаудағы қоймаларға орналастырылады. Онда жүктер кейінгі жөнелту үшін біріктіріліп, қажет болған жағдайда әуе көлігімен басқа елдерге тасымалданады.
Мұндай логистикалық жүйе тасымалдауға жұмсалатын жалпы шығынды азайтуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.
Осы аптаның соңында «Қырғызстан әуежайлары» АҚ өкілдері ірі әуежайлардың жүк терминалдарының жұмысымен және олардың қызметіндегі халықаралық стандарттармен танысу үшін Қытайға баруды жоспарлап отыр.
Манасбек Самидиновтың айтуынша, шетелдік инвесторлар ынтымақтастықты бастамас бұрын жүк сақтау жағдайларын өздері тексеріп, қойма үй-жайларына аудит жүргізеді. Барлық талапқа сәйкестігі расталғаннан кейін ғана олар терминалдағы алаңдарды жалға алу және жұмысын бастау туралы шешім қабылдайды.
Бұған дейін Шүй облысы Соқұлық ауданының Қамышановка ауылында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттік шекарасында «Төмөнкү-Чүй – автожол» халықаралық өткізу пунктінің құрылысы басталғанын хабарлаған едік.
Енді Қырғызстан халқы Қытайға пойызбен қатынай алады.