Қытайдан келген қандасымыз Балқаш көлінен жүзіп өтуді жоспарлап отыр

Балқаш
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

АСТАНА. KAZINFORM –  Қытайда туып-өскен қазақ баласы, далалық спорттың суда жүзу түрінен талантымен танылып, үлкен өзен, ұлы көлдерді кесіп өтіп, «Алтын балық» деген лақап атқа ие болған Алтынбек Оразбекұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Алтынбек әуелі өзіңізді таныстыра кетсеңіз?

- Мен Шынжаң Алтайдың Шіңгіл ауданына қарасты Танашпай деген ауылда туып-өстім. Өзен жағасында өскендіктен болар кішкентай кезімізден суға құмар болдым. Көп уақытымыз судың бойында өтетін. Біздің әулеттің адамдарының бәрі суда жақсы жүзе алады.

- Суда жүзу спрорты бойынша қандай жетістіктерің бар?

- 2017 жылы Қытайдың әйгілі Янцзы (Чаңжияң) дариясын ендей (өзен кеңдігі алты шақырым) кесіп өттім. Бұл жетістігім үшін Шынжаң тарихындағы Янцзыны (Чаңжияң) кесіп өткен тұңғыш спортшы ретінде марапатталдым. 2018 жылы Қытайдың Хуаңхы (Хуан хэ немесе Сары өзен, орысша Желтая река) өзенінен бес мың адам қатысқан жүзу бәйгесінде бірінші болып кесіп өттім (өзеннің ені - екі километр). Бұл жолы да аталған өзенді кесіп өткен тұңғыш Шынжаңдық болып тіркелдім. 2019 жылы Іледегі қыстық малтаудан бірінші дәрежелі жүлдені еншіледім. Осы бәсекеде ол Алтай аймағының судағы қыстық малтау рекордын жаңаладым. 2016 жылы Хұңянчы (Қызылтас су қоймасы) тоспасынан ендей өттім (үш километр). 2017 жылы Үрімжіде 10 километрлік су айдынындағы бәйгеде 3 сағатта қарсы жағаға жетіп, рекорд жаңарттым. 2020 жылы және биыл Алтайдағы Үліңгір көлі мен (34 километр) Қанас көлінен (38 километр) өтудің халықаралық рекордына дайындалып жатқанда ғаламды жайлаған пандемияның себебінен кейінге қалды. 

Балқаш
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

- Чаңжияң, Хуаңхы өзендерін кесіп өтуге қалай жолдама алдың?

- Бұл жолдамаға әр облыстан 10 мыңдай адам өтініш білдірген. Солардың ішінен 5 мың адам іріктелді. 5 мың адамнан 3 мың адамға қысқарды. Кейін солардың ішінен 3 жүз адам талданды. Спортшылар тағы іріктеліп, 100 адамға қысқарды. Сол 100 адам 10 километрге жарыстық. Осы аралықты 3 сағат 9 минутта жүзіп өтіп, рекорд жаңаладым және осы сайысқа жолдама алдым.

- Қысты күні суға түсіп жүрген біраз видеоларыңды көрдім. Бұл жаттығудың қандай әсері бар? 

Балқаш
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

- Мен суды жақсы көретінім соншалық, қыс болсын, жаз болсын суға жүзуіме еш әсер етпейді. Қыста суға шомылу адамға тіпті жақсы әсер ететінін байқадым. Суық су адамды ширатады, шынықтырады. Ревматизм секілді аурулардың алдын алады. Жалпы қыста суға түсуден жаным рахат табады.

- Алтайда үлкен өзендер көп, Шіңгіл өзені де тасығанда өткел бермейтін үлкен өзендердің бірі. Су тасып жатқан кезде өзенге түскен кездерің болды ма?

- Көктемде мұз еріп, қар кете бастағанда, су тасқынына байланысты адамдардың зардап шегуі, малдардың суға кетуі, аралда қамалып қалуы секілді түрлі оқиғалар болып тұрады. Осындай жағдайларда ауылдастардың көбі менен көмек сұрап жатады. Бәріне көмектесуге тырысамын. Көптеген құтқару жұмыстарына атсалыстым, біраз адамдарды судан аман алып қалып, алғысын алдым. Суға кетіп, мүрдесі табылмаған кісілердің су астынан денесін сүңгіп алып шығып, иесін тапсырған кездерім болды. 

Балқаш
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

- Қазақ еліне келген қадамың құтты болсын! Алдағы жоспарың туралы айтып берсең?

- Елге келгелі керемет көңіл күйде жүрмін. Көптеген ағалармен таныстым. Барлығы қолдау білдіріп, алдағы арманыма шабыт беріп жатыр. Менің алдағы жоспарым ең үлкен көлдердің бірі – Балқаш көлін кесіп өтіп, өз мүмкіндігімді дәлелдегім келеді. Қазір сол бағытта дайындалып жатырмын.

- Балқаш көлінен жүзіп өтуді қашанға жоспарлап отырсың? Дайындығың қалай?

- Алла бұйырса алдағы жазда ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Мамандармен көлдің суының құрамы туралы, пісетін уақыты туралы ақылдасатын боламыз. Дайындық ойдағыдай деп айта аламын. Бұдан бұрын да Алтайдағы Қанас көлін кесіп өтуге дайындалған едім. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Бұл жоспар сәтімен бітсе, іште жүрген үлкен армандардың бірі шетелге шығып, қазақ елі атынан үлкен жарыстарға қатысқым келеді. Солтүстік суық белдеулерге барып, қыста жүзуден де өз мүмкіндігімді көргім келеді.

- Сұхбатыңа көп рақмет! Алдағы арманыңа сәттілік тілеймін!

Соңғы жаңалықтар