Қытайдан келген туристер легі 9 есеге артты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қытайдың туристік нарығындағы орнын нығайтып келеді. 27-29 мамыр күндері Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан ITB China 2025 халықаралық көрмесіне Қазақстан да қатысып жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.

Қытайдан келген туристер легі 9 есеге артты
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Онда еліміз 162 шаршы метрді қамтитын бірыңғай ұлттық стендпен отандық туризмді келушілерге таныстыруда. Көрме алаңында іскерлік кездесулер, таныстырылымдар мен туристік өнімдерді дамытуға арналған аймақтар қарастырылған. 

Қытайдан келген туристер легі 9 есеге артты
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Отандық делегация құрамында ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Kazakh Tourism ҰК АҚ, сондай-ақ Астана, Алматы, Ақмола, Маңғыстау және Алматы облысының туризм басқармаларының, қонақ үй бизнесінің және жетекші туристік компаниялардың өкілдері бар.

— Көрменің ресми ашылу рәсіміне Messe Berlin GmbH компаниясының аға вице-президенті Давид Рютц, вице-президенті Давид Аксетис, Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрі Дато Сри Тионг Кинг Синг, сондай-ақ Дүниежүзілік туристік альянс (World Tourism Alliance, WTA) ұйымының төраға орынбасары Пен Сюй қатысты. Құрметті қонақтар еліміздің стендімен танысып, дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм татып, еліміздің қонақжайлығы мен мәдени алуан түрлілігіне жоғары баға берді. Ұлттық стендте Астана мен Алматы қалаларының туристік әлеуетіне, сондай-ақ өңірлік табиғи және мәдени бағыттарға ерекше назар аударылған, — делінген хабарламада.

Келушілерге арнайы бейнематериалдар, қытай тіліндегі ақпараттық материалдар және іскерлік кездесулер ұсынылған.

Қытайдан келген туристер легі 9 есеге артты
Фото: Туризм және спорт министрлігі

— Қытай — Қазақстан үшін негізгі туристік нарықтардың бірі. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қытайдан келген туристер саны 650 мың адамнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 9 есе өскен, — деп жазды ведомстводан.

Тек 2024 жылы еліміздегі қонақүйлерде 173 987 қытайлық туристке қызмет көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 66%-ға көп.

Қытайдан келген туристер легі 9 есеге артты
Фото: Туризм және спорт министрлігі

— Туристер ағынының артуына екі ел арасында визасыз режимнің енгізілуі, әуе рейстерінің көбеюі және Қытай нарығына бағытталған ақпараттық жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуі ықпал етті. Қазақстанның халықаралық көрмелерге белсенді қатысуы туристер санын арттыруға және елдің Қытай саяхатшылары арасындағы танымалдығын көтеруге зор мүмкіндік беріп отыр, — деп хабарлады министрліктен. 

ITB China — Қытайдағы ең ірі B2B форматындағы туристік көрмелердің бірі. Биылғы көрмеге 80 елден 600-ден астам экспонент қатысуда. Іс-шараға 15 000-нан астам салалық маман, оның ішінде 1 000 байер мен 250 БАҚ өкілі қатысады деп күтіледі. 

Соңғы жаңалықтар