Қытайдан сатып алынған тауарлар қазақстандықтарға қалай жеткізіледі
АЛМАТЫ.KAZINFORM – Интернет саудасының қарыштап дамуына байланысты қазақстандықтардың Қытайдан зат сатып алу мүмкіндігі кеңейді. Бүгін Kazinform тілшісі Орталық Азия және қытайлық «Жэньминь жибао» газеті бірлескен баспасөз туры аясында Алматы қаласында орналасқан «Qazpost – YTO» ЖШС сұрыптау орталығының жұмысымен танысып қайтты.

2023 жылы қазан айында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары аясында «Қазпошта» АҚ мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, 2024 жылы 2 шілде, елордада өткне Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің жетінші отырысында «Қазпошта» АҚ және YTO Express бірлескен кәсіпорнының құрылтайшылық шартына қол қойып, «Qazpost – YTO» ЖШС өз жұмысын бастады. Ынтымақтастық аясында, «Қазпошта» АҚ-ның Алматы қаласындағы сұрыптау орталығы жаңғыртылып, жаңа техникалармен жабдықталған.

Ең әуелі Алматыға жеткен тауарлар қызымткерлердің көмегімен кедендік рәсімдеуден өтеді. Осыдан кейін, тауар сұрыптау машинасының көмегімен Қазақстанның барлық жерлері бойынша сұрыпталып, ел ішіндегі затты табыстау пункттеріне жіберіледі.
Сұрыптау орталығы менеджері Ерсайын Шәріповтың айтуынша, орталықтың жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайды.
– Сұрыптау орталығына қытайдың электронды сауда платформасынан сатып алынған тауарлар келеді. Орталық 5 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта 120 жұмысшы 4 ауысыммен 24 сағат жұмыс істейді. Басты мақсат – тұтынушыларға жылдам әрі сапалы қызымет көрсету,- деді Ерсайын.

Оның айтуына қарағанда, орталықтың жұмыс өнімділігі 5 есеге артқан.
– Жаңа технологияларды пайдалана отырып, жұмыс өнімділігі арттырылды. Бұрын адам күшімен күніне 5-6 мың сәлемдеме сұрыпталса, қазіргі уақытта 25-30 мың сәлемдеме сұрыптау мүмкіндігіміз бар, - деді ол.


Сонымен қатар қазақстандықтар өз тапсырыстарын үйіне жақын орналасқан табыстау пункттерінен алады.
– Алматы қаласында 40 шақты табыстау пункті бар. Сонымен қатар, елдің барлық қалаларында жалпы 100-ден аса пункт орналастырылған. Тұтынушылардың тапсырысты алып кетуіне барынша қолайлылық жасау басты назарда, - деп атап өтті пункт қызыметкері Гүлина Төлеубекқызы.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express басқарма төрағасы Юй Хуэйцзяоны қабылдап, Қазақстан мен Орталық Азия елдері аумағында заманауи әрі тиімді курьерлік желіні дамыту мәселесін талқылаған еді.