Қытайдан турист тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пункті ашылмақ

шекара
Фото: pxhere

Қытайдан туристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Алматы облысы Қазақстандағы маңызды туристік өлкелердің бірі. Республикалық туристік картаға енген әрбір оныншы нысан біздің өңірде орналасқан. Осы жылы 15 туристік аумақта 337 шақырым таулы соқпақтар мен маршруттарды абаттандыру жүргізілуде. Көлсай көлдерінің инфрақұрылымын дамыту, кәріз жүйелері мәселесін шешуді қолға алдық. Биыл демеушілердің есебінен тегін Wi-Fi нүктесі қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Осы жерде Көлсайдың жанындағы Саты ауылы жақында Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның кеңесінде «Ең үздік туристік ауылдардың» қатарына енгізілгенін атап өткім келеді. Бұл туризмді дамыту жұмыстарына берілген жоғары баға», - деді өңір әкімі.

Облыс басшысының атап өтуінше, 2023-2026 жылдарға арналған туристік мастер-жоспар әзірленді. 2023 жылдың жарты жылдығында ішкі туристер саны 13 пайызға артып, 1,1 млн адамға жетті. Шетелдік туристер 12 есеге көбейіп, 74 мың келушіні құрады.

«Бұл ретте Қытаймен арадағы визасыз режимді тиімді пайдаланып, туристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспарлануда. Аталған іс-шараларды іске асыру туристер санын ары қарай да ұлғайтуға мүмкіндік береді»,- деді Марат Сұлтанғазиев.

Соңғы жаңалықтар