Қытайдан жаңа энергетикалық локомотивтердің алғашқы партиясы Қазақстанға жөнелтілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың China Railway Rolling Stock Corporation (CRRC) корпорациясы мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы арасындағы энергетикалық ынтымақтастық жобасы аясында дайындалған CKD6H локомотивтері Қытайдың CRRC Ziyang Locomotive Co., Ltd. зауытының өндіріс желісінен сәтті шығарылды. Локомотивтер маусым айында Қазақстанға жеткізіледі. Бұл туралы Қытайдың ұлттық теміржол басқармасының ресми сайты хабарлады. 

Қытайдан жаңа энергетикалық локомотивтердің алғашқы партиясы Қазақстанға жөнелтілді
Фото: thepaper.cn

Ұлттық басқарманың атап өтуінше, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудың жарқын үлгісін көрсеткен бұл жоба Қазақстан темір жол көлігінің жасыл энергияға көшуіне жаңа серпін беріп, өңірлік өзара байланысты нығайтуға елеулі үлес қоспақ.

Белгілі болғандай, CKD6H локомотиві CRRC компаниясының стандартты жаңа энергия платформасы негізінде, Орталық Азияның аязды климаттық жағдайына бейімделіп жобаланған.

Локомотивке іштен жанатын қозғалтқыш пен қуат батареясы үйлестірілген гибридті жүйе қолданылған. Цифрлық технология, жасанды интеллект элементтері және жасыл энергия біріктірілген бұл құрылғы «жасыл, қауіпсіз, ақылды, үнемді және сенімді» болуымен ерекшеленеді.

Айтылуынша, дәстүрлі дизельді локомотивтермен салыстырғанда CKD6H локомотивіне орнатылған интеллектуалды энергия жүйесі отын шығынын 45 пайызға дейін қысқартып, шу деңгейін 80 пайызға төмендетуге, сонымен қатар, зиянды заттардың шығарылуын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Локомотивтің әр бірлігі жылына орта есеппен 240 тонна көмірқышқыл газын аз шығарады.

Бұған дейін Қытайдың Таншань қаласынан Астана қаласына LRT вагондарының алғашқы екі құрамы жіберілгенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар