Қытайдың 5 өңірінде су тасқынына байланысты төтенше әрекет режимі енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік штабы бейсенбі күні елдің солтүстігіндегі бес өңірде су тасқынына байланысты төтенше жағдайға әрекет етудің төртінші деңгейін іске қосты, деп жазады Синьхуа.

Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Төтенше жағдайларды басқару министрлігі хабарлады.
Метеорология қызметінің болжамына сәйкес, бейсенбіден сенбіге дейін қатты жаңбыр Бейжіңде, сондай-ақ Хэбэй, Шаньси, Цзилинь провинцияларында және Нинся-Хуэй автономиялық ауданында жаууы мүмкін.
Бұған дейін штаб кеңсесі Цзилинь провинциясына табиғи апат салдарын жоюға көмектесу үшін арнайы жұмыс тобын жіберген.
Сондай-ақ бейсенбі күні Қытайдың мемлекеттік штабы осы жылы жетінші тайфунның жақындауына байланысты Чжэцзян және Фуцзянь провинцияларында да төтенше әрекет етудің төртінші деңгейін енгізді.
Айта кетейік, Қытайда төтенше жағдайларға әрекет етудің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады, мұндағы бірінші деңгей — ең жоғары қауіпті деңгей болып саналады.
Бұдан бұрын 20 шілдеде «Випа» тайфунына байланысты Қытайдың оңтүстігінде жоғары дайындық режимі енгізілген еді.