Қытайдың Нарат жайлауындағы пішеншілер шөпті дрондармен тасып жүр
АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысының Нарат жайлауында күз басындағы шөп шабу науқанында пішеншілер бума-бума пішенді қоражайға дрондармен тасымалдап жүр, деп жазады қытайлық Халық газеті.
Осылайша, дәстүрлі маусымдық шаруаны қазір заманауи техникалар атқаратын болған.
Шабындықта шалғы тартып, шөпті атпен сүйреп жүрген малшыларды көрмейсің.
Beidou жоғары дәлдіктегі позициялау жүйесімен жабдықталған бұл дрондар өз маршруттарын автоматты түрде жоспарлай алады. Қуатына қарай бір уақытта 50 кг, 70 кг және 100 кг шөп бумаларын еркін көтеріп тасиды.
Малшылар шабылған шөпті бумаларға шақтап дайындайды. Ал қалған істі дрондар атқарады.
Дрондар радар арқылы жер жағдайын анықтап, кедергілерді еңсеріп, шөп бумаларын алдын ала белгіленген маршрут бойынша таси береді. Малшылар қолында смарт терминалы бар экранды түртсе жеткілікті, қашықтағы ұшатын жабдық автоматты түрде іске қосылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық фильм Қытайдағы байқауда «Үздік операторлық жұмыс номинациясын» жеңіп алғаны туралы жазған болатынбыз.