Қытайдың оңтүстік-батысында су тасқынынан алты адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Сағат 11:00-дегі жағдай бойынша Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясының Жунцзян уезінде болған күшті су тасқыны салдарынан алты адам опат болды, деп жазады Синьхуа.

Қытайдағы су тасқыны
Фото: Синьхуа

Бұл туралы жергілікті су тасқындарына қарсы штабтың баспасөз қызметі хабарлады.

Сейсенбі күнінен бастап Жунцзян уезін соңғы 50 жылдағы ең күшті су тасқыны басып қалды. Бірнеше өзендердің су деңгейі күрт көтерілді. Су ағынының ең жоғары көрсеткіші секундына 11 360 текше метрге жетті.

Провинциядағы төменгі аудандардың көп бөлігі су астында қалып, бірнеше ауылдық округтер мен елді мекендердің инфрақұрылымына үлкен зиян келді. Бұл автокөлік қозғалысына кедергі жасап, байланыс қызметтерінің бұзылуына, тұрғындардың қиын жағдайға тап болуына әкеп соқты.

Қазіргі таңда уезд орталығындағы су деңгейі қауіпті деңгейден төмендеді. Сондай-ақ, тасқынға қарсы күрес аясында арналарды тереңдету мен дренаж жұмыстарын жүргізу, эпидемиялардың алдын алу мақсатында залалсыздандыру шараларын ұйымдастыру, апаттан кейін қалпына келтіру және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, су тасқыны кезінде жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Қытайдағы су тасқыны
Фото: Синьхуа

Еске салсақ, қатты және толассыз жауған жаңбыр мен өзендердің жоғарғы ағысынан келген су көлемінің артуы салдарынан Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясының екі уезінде күшті су тасқыны болды. Сейсенбі күні сағат 14:30–дағы мәлімет бойынша Жунцзян және Цунцзян уездерінде тиісінше 48 900 және 32 000 адам уақытша эвакуацияланды.

Қытай билігі су тасқынынан зардап шеккен Гуйчжоу провинциясына 100 млн юань бөлгені белгілі болды.

Екі күн бұрын Гуйчжоу провинциясында тасжол көпірі құлап, жүк көлігінің жүргізушісі қираған көпірде ілулі тұрған көлік кабинасында қалып қойғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар