Қытайдың Орталық Азия елдерімен саудасының жартысы Қазақстанға тиесілі – Президент

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңге ресми сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді. Кazinform бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

тоқаев қытайға сапары
Фото: Ақорда

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті.

«Екі ел арасында белсенді әрі сенімді саяси диалог орнаған. Үкіметтер мен парламенттер деңгейінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам бастық. Бүгін Төраға Си Цзиньпинмен және Мемлекеттік кеңестің Премьері Ли Цянмен жан-жақты келіссөздер жүргізу барысында өзара тиімді ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екенімізді растадық. Қазіргі таңда Қытайды Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің және біздің экономикамыздың ірі инвесторларының бірі деуге болады. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын алдағы уақытта 40 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымының жартысы Қазақстанға тиесілі», – деді Президент.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің сапары барысында Қытай тарапымен табысты келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік одан әрі бекиді, өзара тиімді ынтымақтастық дамиды және екіжақты қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжао Лэцзи Қазақстан мен Қытайдың парламентаралық қатынасының жоспарлы түрде нығаюын оң бағалады, сондай-ақ кең көлемдегі екіжақты ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

Еске салайық, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Осы келіссөз нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері бірқатар құжатқа қол қойды.

ҚР Президенті Бейжіңде Әбу Насыр Әл-Фарабиге қойылған бюстті салтанатты түрде ашты.

Кейін Қ.Тоқаев Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткен кезінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесіп,  SINOPEC компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнді қабылдады.

Одан әрі Мемлекет басшысы YTO Express Co., Ltd компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяоны, CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады.

Ал CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен әңгіме барысында ҚТЖ Қытайдың СRRC компаниясымен құны 1,3 млрд доллар болатын келісімге қол қоятыны белгілі болды.

Қ.Тоқаевтың сапары шеңберінде 30 келісімге қол қойылды.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесуде Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып жатқаны туралы атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар