Өскеменде клубқа «бомба қойған» 28 жастағы жігіт ұсталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында клубқа бомба қойылғаны жайлы жалған ақпарат таратқан ер адамға қылмыстық іс қозғалды.

ШҚО полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 13 қаңтарда таңға жуық мас күйде болған ер адам «102» арнасына қоңырау шалған. Өз сөзінде ол қаладағы клубтардың бірінде бомба қойылғанын жеткізді.
- Оқиға орнына бірден полицияның сыртқы жасағы мен жедел тергеу тобы жіберілген. Алайда клуб ғимаратын мұқият тексеру барысында ешқандай да жарылғыш зат табылмады. Полиция қызметкерлері 28 жастағы ер адамды ұстады. Анықталғандай, ол сол клубқа тұрақты түрде келіп жүрген, - делінген ақпаратта.
Күдікті өз әрекетін мас күйде жасағанын және болған жайт мүлде есінде жоқтығын айтқан.
- Қазіргі уақытта терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам қолхатпен босатылды. Тергеу жалғасуда, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да көршісінен өш алмақ болған ер адам шатасып басқа біреудің қорасын өртеп жібергенін хабарлаған едік.