ШҚО-да көршісінен өш алмақ болған ер адам шатасып басқа біреудің қорасын өртеп жіберген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында көршісінен өш алмақ болған ер адам шатасып басқа адамның қорасын өртеп жіберген.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауыл тұрғыны өз үйінің аумағындағы шаруашылық қора-жайының өртенгені туралы полицияға арыз түсірді. Аталған факті бойынша «Өзгенің мүлкін қасақана өртеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
- Тергеу барысында 27 жастағы ер адамның көршісімен араздасып қалып, оның мүлкін әдейі өртемек болғаны анықталды. Өзімен бірге бензин толтырылған пластикалық бөтелкені алып, қораның ағаш қабырғасына от қойған. Алайда кейін ол ренжіскен адамының емес, оның көршісінің қорасын өртеп жібергенін түсінген, - делінген ақпаратта.

Өрт салдарынан жәбірленушіге 7 млн теңгеден астам шығын келтірілді. Тілсіз жаудан 10-нан астам мал, 20 тонна шөп, 5 тонна мал азығы және шаруашылық техника жанып кеткен.
- Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында жолдарды күтіп-ұстау талаптарын бұзған 12 лауазымды тұлға жауапқа тартылғаны хабарланған.