Қытайдың өзара тарифтерді төмендету шешімі 14 мамырда күшіне енеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай билігі 14 мамыр күні сағат 12:01-ден бастап АҚШ-та өндірілген импорттық тауарларға салынатын қосымша баж салығын 10%-ға дейін төмендететінін жариялады.

США и Китай могут достичь торговой сделки через 3-4 недели
Фото: china-briefing.com

Қытай Қаржы министрлігінің Салық комитеті 13 мамырда жариялаған хабарламаға сәйкес, Қытай-АҚШ сауда келіссөздерінде қол жеткен маңызды уағдаластықты іске асыру мақсатында, Қытай Мемлекеттік кеңесінің мақұлдауымен, қосымша баж салығының мөлшері 34%-дан 10%-ға дейін азайтылады және 90 күн ішінде 24 пайыздық тарифтің қолданылуы уақытша тоқтатылады.

Сондай-ақ, 14 мамыр сағат 12:01–ден бастап Салық комитетінің 2025 жылғы № 5 және № 6 хабарламаларында қарастырылған АҚШ-қа қарсы қосымша тарифтік шаралардың қолданылуы тоқтатылады.

Дональд Трамп Ақ үйге оралғаннан кейін, фентанил контрабандасына қарсы күрес және «өзара тарифтер» саясаты аясында Қытай тауарларына салынатын баж салығын 145%-ға дейін көтерген болатын. Бұған жауап ретінде ресми Бейжің АҚШ тауарларына 125% қарымта тариф енгізген.

Қытай мен АҚШ арасындағы тарифтік текетіресті бәсеңдету мақсатында Швейцарияның Женева қаласында өткен алғашқы келіссөздің нәтижесінде қос тарап өзара енгізілген жоғары тарифтерді 90 күнге дейін төмендете тұруға уағдаласты. Екі ел 12 мамыр күні бірлескен мәлімдеме жариялап, алдағы уақытта сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша келіссөзді жалғастыра түсуге ниетті екенін растады.

АҚШ пен Қытай өзара тарифтерді 90 күнге төмендетуге келіскеннен кейін акция бағаларының күрт өскенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар