Қытайдың шығысындағы қараусыз қалған шахтада 5 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың шығысындағы Фуцзянь провинциясының Юси уезіндегі қараусыз қалған шахтаға кіріп кеткен 5 адамның қаза тапқаны расталды, деп хабарлайды Синьхуа.
Жексенбі күні шамамен таңғы сағат 9:50–де округтің өрт сөндіру және құтқару қызметіне Банмиан қалашығындағы шахтаға 5 адам кіріп, олармен байланыс үзілгені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу құтқару топтары жөнелтіліп, іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Сағат 13:20–да бесеуі де табылып, ауруханаға жеткізілді. Алайда бір жарым сағаттан кейін барлығы қайтыс болғандығы анықталды.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу жұмыстары басталды.
Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың оңтүстігінде «Матмо» тайфуны салдарынан тұрғындар жаппай көшіріліп жатқандығы туралы жазған болатынбыз.