Қытайдың валюта қоры кейінгі 10 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйек айында Қытайдың валюта қоры 3,3387 триллион долларға дейін өсті. Бұл – 2015 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары көрсеткіш. АҚШ долларына сенімнің төмендеуіне байланысты елдің алтын қоры он бірінші ай қатарынан өсіп отыр, деп хабарлайды China Daily.
Мемлекеттік валюта әкімшілігі тұрақты макроэкономикалық көрсеткіштер мен жоғары сапалы дамуға бет бұру валюта қорының тұрақтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
BOCI инвестициялық банкінің халықаралық нарықтар жөніндегі бас экономисі Гуан Тао Қытайдың 2015 жылдың соңынан бергі рекордтық резервтік деңгейі елдің сыртқы күштерге төтеп беру және жаһандық қаржы ортасындағы өзгерістерге қабілетінің артқанын көрсетететінін баса айтты.
Сарапшының пайымынша, қордың қыркүйектегі артуы жаһандық қаржы активтерінің қымбаттауы және Федералды резервтік жүйенің пайыздық мөлшерлеменің төмендеуінен кейін АҚШ долларының әлсіреуімен байланысты болған.
Қытай Миншэн банкінің бас экономисі Вэн Биннің айтуынша, резервтердің оң динамикасы Қытай экспортының тұрақтылығын және юаньмен есептелген активтердің тартымдылығын көрсетеді.
– Сауда серіктестерін әртараптандыру, экспорттық құрылымды жақсарту және АҚШ-пен келіссөздердегі ілгерілеу тұрақты капитал ағынына ықпал етті. Ал шетелдік инвесторлардың қытайлық бағалы қағаздар нарығына қолжетімділігін кеңейту юаньның халықаралық беделін нығайтады, - деді ол.
Қытайлық бағалы қағаздарға таза шетелдік инвестиция 37,3 миллиард долларды құрады, бұл 2024 жылғы толық жылдық көрсеткіштен 26,6 миллиард доллардан асып түсті.
Қытайдың ресми алтын қоры қыркүйек айының соңында 40 мың унцияға артып, 74,06 миллион унцияға жетті. Сарапшылар бұл үрдіс жалғасын табады деп күтеді. Өйткені Бейжің АҚШ долларына деген сенімнің төмендеуі жағдайында өзінің халықаралық активтерінің құрылымын оңтайландыруға тырысады.
Бұл өсім әлемдік алтын бағасының көтерілуімен тұспа-тұс келді. Ол ФРЖ ставкаларын одан әрі төмендетуді күтумен және оның саяси тәуелсіздігіне күмәнданудан туындады. АҚШ федералды үкіметінің жабылуы қауіпсіз баспанаға қызығушылықты арттырды және COMEX алтын фьючерстерінің бағасының бір унция үшін 4 000,1 долларға дейін өсуіне әкелді.
Golden Credit Rating International компаниясының бас макроэкономикалық талдаушысы Ван Цин Қытай алтын қорын ұлғайтуды жалғастырады деп болжайды. Оның айтуынша, алтын қорының 7,7 пайызын құраса, әлемдік орташа көрсеткіш 15 пайызды құрайды.
Сарапшы алтын активтерінің өсуі юаньның халықаралық беделін нығайта түсетінін, ал Қытайдың үлкен валюталық қоры оның бағамының тұрақтылығына сенімді қолдау көрсететінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қытай компанияларының жаһандық жасанды интеллект нарығындағы үлесі 15%-ға жеткенін жазғанбыз.