Қытайға қарсы санкция жарияланды

Китай
Фото: freepik.com

ЛОНДОН. KAZINFORM — Ұлыбритания Қытай азаматтарына қарсы санкция жариялады. Қара тізімге қытайлық ғылыми-технологиялық компания да ілінді. Үкіметтегілердің пікірінше, аспан асты елінің хакерлері Ұлыбритания сайлау комиссиясының серверлерін бұзып, миллиондаған сайлаушының жеке дерегін қолды қылған. Бұдан бөлек Қытайды сынаған депутаттарға қарсы кибершабуылдар жасаған, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Консерватор депутаттар үкіметті киберқауіпсіздікке асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды. Олардың мәліметтері бойынша, Қытайға қатысы бар хакерлер Ұлыбританиядағы сайлауларды бақылайтын ұйымға шабуыл жасаған және саясаткерлерді аңду операциясына қатысқан. Халық қалаулыларының пікірінше, Бейжің шамамен қырық миллион сайлаушының жеке дерегін қолды қылған. Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы анықтағандай Британ парламентінің 4 мүшесі де киберқылмыскерлердің назарына іліккен.

«Біріншіден, Қытай шұғыл түрде біз өмір сүріп жатқан дәуірді айқындайтын жүйелі сынақ ретінде емес, қауіп көзі ретінде қарастырылуы керек. Екіншіден, Ұлыбритания үкіметі адам құқықтарының бұзылуына жол беріп отырған Қытай Халық Республикасына қатысты шектеулер енгізуі қажет», — дейді Ұлыбритания парламентінің мүшесі Иэн Дункан Смит.

Депутат сондай-ақ, биліктен киберқылмыс құрбандары болған парламент мүшелеріне көмек көрсетуді талап етті. Саясаткер премьер-министрден Қытай Халық Республикасына қатысты қатаң позиция ұстануды бұрыннан бері талап етіп келеді, бірақ үкімет тісін қайрап сөйлеуден аулақ болды. Енді міне Риши Сунак райынан қайтқан сыңайлы.

«Қазір Қытайдың шетелдегі әрекеті уақыт өткен сайын адуынды болып барады, ал өз мемлекетінде авторитарлық саясат ұстанып отыр. Бұл дәуірді айқындайтын жүйелі сынақ қана емес сондай-ақ біздің экономикалық қауіпсіздігімізге төнген ең үлкен мемлекеттік қауіп. Сондықтан қорғанысымызды күшейту үшін шаралар қабылдағанымыз дұрыс», — деді Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак.

Ұлттық қауіпсіздік туралы заң қажет болған жағдайды кез-келген әрекетке баруға пәрмен береді. Бүгінге дейін Ұлыбритания үкіметі жаңа өкілеттіктерін пайдаланып та үлгерді. Мысалы, жартылай өткізгіштер сияқты стратегиялық технологиялық секторларға құйылатын инвестицияларды бұғаттады — қытайлық Huawei компаниясын Британиялық телекоммуникация желісінен ажыратты. Енді міне Бейжіңмен байланысы бар субъектілерге шара қолданбақшы.

«Біріншісі, өткен жазда жария етілгендей, хакерлер 2021 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде Ұлыбритания Сайлау комиссиясының деректерін ұрлауға әрекеттенген. Екіншісі, 2021 жылы Ұлыбритания парламентінің шоттарына қарсы барлау әрекеттеріне барған. Сондықтан бүгін біз Қытайдың APT31 (ЭйПиТи31) атты мемлекеттік топпен байланысы бар 2 жеке тұлғаға және 1 ұйымға қарсы санкциялар енгіздік», — деді Ұлыбритания премьер-министрінің орынбасары Оливер Дауден.

Бұл Ұлыбританияның Сайлау комиссиясына жасалған ел тарихындағы ең ірі кибер шабуылдардың бірі болды. Қылмыскерлер азаматтардың есімдері мен мекенжайлары сақталған дерекқорларға ғана емес, құпия электрондық хаттарына да қол жеткізгісі келген. Нысанаға ілінген депутаттардың барлығы аспан асты елін мұқият зерттеп, жиі сын айтатын Қытай бойынша парламентаралық одақтың мүшелері. Дегенмен, шенеунік хакерлік шабуылдардың сәтсіз аяқталғанын алға тартады.

Қылмыскерлердің әрекеттері демократиялық процестерге еш ықпал ете қоймайды, ал британиялық депутаттар мен шенеуніктерге таратылған фишинг хаттар дер кезінде бұғатталды. Еліміз киберқауіпсіздік саласындағы мүмкіндіктерін арттыра береді, — деді Ұлыбритания премьер-министрінің орынбасары Оливер Дауден.

Ұлыбританияның санкцияларына ұшыраған азаматтардың және кәсіпорынның активтері тоқтатылады. Сонымен қатар олардың елге кіруіне немесе қалуына жол берілмейді. Қытайдың Сыртқы істер министрлігі болса, ресми Лондонның өз мәлімдемелерін дәлелдерге негіздеуі керек және ешкімді нақты себепсіз қараламауы керек деп қарсылық білдірді.

«Бұл кәдуілгі саяси айла-шарғы. Қытай бұған қатаң түрде қарсы тұрады және өкінішін жеткізеді, сондай-ақ тиісті тараптарға ресми шағымдар түсіреді. Біз киберқауіпсіздік мәселелерін саясиландыруды, қаралауды және Қытайға қарсы біржақты санкциялар жариялауды тоқтатуға шақырамыз», — деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Линь Цзянь.

Ұлыбритания да, Қытай да Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері. Аспан асты елімен байланысы бар топтарға қарсы санкциялар енгізу екі ел арасындағы дипломатиялық шиеленістің күшеюіне әкелуі мүмкін. Бірнеше жыл бұрын Британ көшбасшыларының Қытаймен қарым-қатынастың «алтын ғасырына» кіруге ұмтылғаны әлі есте.

«Көптеген жылдар бойы біз қытайлықтарды қауіп төндіріп отыр деп айтудан бас тарттық. Оларды жақтырмаған жағдайдың өзінде тек шынтақтары өткір стратегиялық бәсекелестер деп атадық. Бірақ олардың қауіп төндіріп отырғаны рас», — деді Гонконгтың бұрынғы губернаторы Крис Паттен.

Қытай үшін санкцияның салдары сезіле қоймас. Экономикасы мығым елдің нарығына бірер компанияның ойыннан шығуы құмға сіңген сумен тең. Ендігі сұрақ, кибершабуылдардың тыйылуында. Ал санкция сабақ болады дегенге сену қиын.

Америка мен Жаңа Зеландияның да Қытаймен жұлдызы қарсы. АҚШ Қазынашылық департаменті дәл сол ғылыми-технологиялық компанияны Қытай мемлекеттік қауіпсіздік департаментінің жасырын кәсіпорны деп айыптап, санкциялар жариялады. Жаңа Зеландияның әлеуетті құрылымдары да Қытайдың Ұлттық парламентке 3 жыл бұрын шабуыл жасағанын еске салды. Алайда оларға қарсы санкция енгізе алмайды, өйткені Веллингтонда ондай пәрмен беретін заң жоқ.

Соңғы жаңалықтар