Қытайға киікті сыйға тарту процесі қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр Қазақстан Қытайға 1500 киікті сыйға тартатыны мәлім болды. Бұл киіктерді көрші елге жеткізу процесі қалай жүріп жатыр? Бұл сұраққа Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жауап берді.

Қытайға киікті сыйға тарту процесі қалай жүріп жатыр
Фото: Kazinform/ЖИ

— Қытай Халық Республикасына 1500 киікті беру мәселесіне тоқталсақ, Қазақстан жағы көрші елмен бірқатар келіссөз жүргізді. Киікті қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ ҚХР тарапымен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, қытайлық тарап киіктерді тек аусыл ауруынан таза деп танылған Қазақстан Республикасы облыстарының аумағында аулау қажеттілігі туралы хабарлады, — делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Айта кету керек, 2026 жылғы 22 мамырда Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 93-ші Бас сессиясында Қазақстанға ресми түрде вакцинация жүргізілетін аусылдан таза аймақ мәртебесі берілді.

— Осыған байланысты қазіргі уақытта тараптар киіктерді ҚХР-ға экспорттау үшін ветеринариялық-санитарлық сертификатты әзірлеуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, — деп түсіндірді ведомство.

Еске салсақ, былтыр Қазақстан Қытайға 1500 киікті сыйға тартатыны мәлім болды. 

Атап айтқанда, киіктерді қабылдаушы ел оларды ары қарай ұстауға қолайлы жағдайлар жасауы тиіс. 

Бұл жағдайлар киіктердің табиғи мекендеу ортасына жақын болуы, олардың қоректенуіне, көбеюіне және аурулардан қорғалуына қажет инфрақұрылымды қамтуы керек.

Бұл ретте қазақстандық тарап жіберілетін жануарлар үшін барлық қажет жағдайлардың жасалғанына көз жеткізу мақсатында тиісті тексерулер мен мониторинг жүргізуге құқылы.