Қытайлық БАҚ: Қазақстан орнатқан рекордты қайталадық
АСТАНА. KAZINFORM – IX қысқы Азия ойындары кеше Қытайдың Харбин қаласында мәресіне жетті. Қытайлық БАҚ-тар елдің Ақ Азиадада қол жеткен жетістіктері жайлы сөз қозғағанда, Қытай құрамасының 32 алтынды қанжығасына бөктеріп, осы көрсеткіш бойынша 2011 Қазақстан орнатқан рекордтық межені бағындырғанына ерекше екпін берді.

Қытайдың бас газеті — «Жэньминь Жибао»-ның («Халық Газеті») ақпараттық порталы дүбірлі доданың соңғы күні Қытай құрамасының тағы бір алтынды еншілеп, жалпы алтын медаль санын 32-ге жеткізгенін, осылайша Қазақстан құрамасының қысқы Азия ойындарындағы рекордтық көрсеткішімен теңескенін атап өтті.
— Ақ Азиада аяқталды. Қытай құрамасы жалпы 32 алтын, 27 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, қысқы Азия ойындары бойынша өз тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді, - деп жазады басылым.
«Цилу ақшамы» басылымы кезекті Ақ Азида жабылғанға дейін бір ойында жеңіп алған алтын медаль мен жалпы медаль саны бойынша рекордтық көрсеткіш Қазақстан құрамасына тиеселі болып келгенін еске алыпты.
— 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өткен қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 32 алтын, 21 күміс, 17 қола — жалпы 70 медаль жеңіп алып, алтын медаль мен жалпы медал саны бойынша жаңа рекорд орнатқан еді. Бұл жолы Харбин қаласында Қытай құрамасы жалпы 85 медаль алып, медальдар саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Егер бүгін (14 ақпан) керлингтен Қытай әйелдер командасы алтын медальдан қапыда айырылып қалмағанда, Қытай құрамасы бір ойында олжаланған алтын медаль саны бойынша Қазақстан орнатқан рекордты жаңартып, жаңа биікті бағындырар еді, - деп жазады «Цилу ақшамы».
Қытай Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары Чжоу Цян «Қытай спорты» газетіне берген сұхбатында Харбинде өткен додада Қытай құрамасының тарихи жеңіске жеткенін атап өтті.
— Биылғы қысқы Азия ойындарына Қытайдан 170 спортшы қатысып, қысқы спорттың 6 негізгі, 11 қосалқы және 64 кіші түрінде бақ сынады. Ойын қорытындысы бойынша Қытай құрамасы жалпы 85 медаль жеңіп алып, алтын медаль мен жалпы медаль саны бойынша көш бастады. Бұл — қысқы Азия ойындарының тарихындағы Қытайдың ең жақсы көрсеткіші. Ауыз толтырып айтарлығы, спортшыларымыз 2011 жылы Қазақстан құрамасының бір ойында 32 алтын медаль алған тарихи рекордын қайталап, олардың жалпы медал саны бойынша (70 медаль) рекордын жаңартты. Осылайша Қытай құрамасы үш мәрте қысқы Азия ойындарынан кейін алтын және жалпы медаль саны бойынша қайтадан бірінші орынға көтерілді, - дейді Чжоу Цян.
The Paper ақпараттық порталы жарыстың соңғы күні Қытай құрамасының 32-ші алтынды жеңіп алып, 2011 жылы Қазақстан құрамасы орнатқан рекордтық көрсеткішті қайталағанын жазыпты. Қытайдың Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік бас басқармасы Қысқы спорт орталығының директоры Ван Лэйдің пікірінше, Қытай құрамасының кезекті қысқы Азия ойындарында алтын және жалпы медаль саны бойынша тарихи жетістікке қол жеткізуі «білікті мамандар даярлау» және «спорттың әлсіз түрлерін нығайту» стратегиясының арқасында мүмкін болып отыр.
— Біздің делегация елдің әр аймағынан шыққан спортшылардан жасақталды. Дәстүрлі солтүстік аймақтармен ғана шектелмей, өзге де 20 провинция мен мегаполистен спортшылар дайындадық. Олардың қатарында 9 этникалық азшылықтың 26 өкілі де бар. Бұл ретте Қытай құрамасындағы спортшылардың орташа жасы 23-те. Олардың қатарында қиындыққа мұқалмайтын тәжірибелі спортшылар да, жарқырап көзге түсіп келе жатқан жаңа жұлдыздар да бар. Шынымен де нағыз үздіктерді саралап, бар күшімізді салдық десек, артық айтқан болмаймыз, - дейді ол.