Қытайлық ғалымдар геномдық түрлендірілген шошқа өкпесін адамға сәтті көшірді

АСТАНА. KAZINFORM -Қытайлық ғалымдар миы өлген науқастың денесіне геномдық түрлендірілген шошқаның өкпесін сәтті көшірді, бұл жетістік өкпе трансплантациясы бойынша донор тапшылығын азайтуға мүмкіндік беруі ықтимал, деп хабарлайды Lianhe Zaobao басылымы.

Қытайлық ғалымдар геномдық түрлендірілген шошқа өкпесін адамға сәтті көшірді
Фото: Синьхуа

Зерттеу тобы 25 тамыз күні Ұлыбританияның «Nature Medicine» журналында мақала жариялап, геномдық түрлендірілген шошқа өкпесінің алғаш рет адам денесіне сәтті қондырылғанын хабарлады.

Гуанчжоу медицина университетінің жанындағы Бірінші клиникалық аурухананың профессоры Хэ Цзяньсин жетекшілік еткен ғалымдар тобы клиникада жиі жасалатын бір өкпені ауыстыру отасының үлгісімен генетикалық түрлендірілген Бама шошқасының сол жақ өкпесін миы өлген адамның денесіне көшірді.

Басылымның жазуынша, зерттеушілер донор-шошқаның генін алты жерден өзгерткен. Бұл – ағзаны адам денесіне қондырғаннан кейін иммундық қауіп-қатерді азайту мақсатында жасалған қадам. Отадан кейінгі тыныс алу, қан айналымы және өзге де көрсеткіштер қондырылған өкпенің тоғыз күн бойы қалыпты қызмет атқарғанын көрсетті. Осы уақыт ішінде аса жедел қабылдамау реакциясы тіркелмеді, ал параллель жүргізілген патогендік бақылау белсенді инфекция белгілерін анықтамады.

Ғалымдардың айтуынша, жоба ұлттық заңдар мен этикалық нормаларға сай жүргізілген. Ол аурухананың этикалық кеңесі және басқа да құзырлы мекемелер тарапынан тексеріліп, бақылауға алынған. Сынаққа қатысушы ауыр бас-ми жарақатынан кейін бірнеше мәрте тәуелсіз сараптама негізінде миы өлгені анықталған науқас болды. Оның отбасы медицинаның дамуына қолдау көрсету мақсатында зерттеуге ақысыз қатысуға келісім берген. Зерттеу тоғызыншы күні науқастың жақындарының өтініші бойынша тоқтатылды.

Бұған дейін Қытайдың «Тяньгун» орбиталық станциясының экипажына алғашқы ЖИ көмекші қосылғаны туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар