Қытайлық қазақ шеберінің 1 минутта салған оюы көпшілікті таңғалдырды

қолөнер
Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада Қытайдың әлеуметтік желісінде әйел адамның бір минутқа жетпейтін уақытта қазақы ою сызған видеосы тарады. Бұл видеодағы сызушы қытайлық белгілі тігінші, дизайнер Жеңісгүл Нұрданақынқызы.

Видеодан сызушының санаулы секундтың ішінде көлемді оюды салып шыққан шеберлігін байқауға болады.

Оның оюды сызған жылдамдығы мен шеберлігі көпшіліктің таңданысын тудырған.

Желі қолданушылары «Қазақтың кестелеу өнеріндегі тұңғыш тұлға», «кескіндеме соншалықты кездейсоқ, нәтиже өте керемет», «техникасы қандай керемет», «недеген шеберлік» деген секілді пікірлер қалдырған.

Айта кетейік, Жеңісгүл Нұрданақынқызы Шыңжаң қазақтарының арасынан шыққан белгілі тігінші, дизайнер, қазақтың ұлттық киімдерін тігуге үйрететін өнер мектебінің директоры, «Тасбұлақ» шеберханасының жетекшісі.  

Шыңжаңда тұратын түрлі ұлттардың мемлекеттік дәрежеде мойындалған материалдық емес мұраларын дәріптеп, жалғастырушы өкілдерінің арасында қазақтың ұлттық киімін насихаттаушы мұрагер Жеңісгүл Нұрданақынқызының да аты да бар.

ою
Фото: видеодан кадр

Оның өнімдері тек Қытайда емес, Моңғолия, Қазақстан, Түркияға да жіберіледі.

Бұдан бөлек, дәл осы орталықта дайындалатын киім-кешектер мен киіз үйлерге мұражайлар тарапынан тапсырыс жоғары.

«Жеңісгүл Нұрданақын – ұлттық деңгейдегі материалдық емес мәдени мұра Қазақы киімдерінің мұрагері. Ол Іледе тұрады, оның отбасы үш ұрпақ бойы тігіншілікпен айналысып келеді. Ол бала кезінен бастап анасынан киім тігуді үйренген, есейе келе өзін Қазақ халық мәдениетін бейнелейтін киімдер мен киіз үйлерді зерттеуге, өндіруге және дамытуға арнады. Бұл кәсіппен айналысқанына 20 жылдан асты» деп жазады қытайлық БАҚ.

People.cn дерегінше, қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктерін зерттеу үшін Жеңісгүл ауылдық жерлерді және жайлауларды аралап, қазақ ақсақалдарының үйіне барып, қазақ костюмінің мәдениетіне байланысты заттар мен кітаптар жинаған.

ою
Фото: видеодан кадр

Әртүрлі жерлерде, әртүрлі руларда киімдердің тоқу әдістері ұқсамайды. Жеңісгүл үлкендерден кеңес сұрап, кейде үлгілерді суретке түсіріп, көп ізденген.

Ол Іле аймағы Құлжа қаласында «Тасбұлақ» ұлттық киім компаниясын құрып, дәстүрлі қазақ киімін дамыту жолын кеңейтіп қана қоймай, сондай-ақ егіншілер мен малшыларды жұмыспен қамтып, табыс мәселесін де шешкен.

Соңғы жаңалықтар