Қытайлық қылқалам шеберлері және Ганьсудағы қазақтар

АСТАНА. KAZINFORM – Ресми дереккөздер бойынша, Шығыс Түркістандағы қазақтардың Ганьсу провинциясына көші 1911 жылдан басталады. Олардың тұрмыс-тіршілігін қытайлық қылқалам шеберлері қалай суреттеді?

Бәйге, Хань Лэжань, майлы бояу
Фото: Бәйге, Хань Лэжань, майлы бояу. Қытай бейнелеу өнері музейінің веб-сайтынан алынды

XX ғасырдың бас шенінде қытай қоғамы ұлттық дағдарысқа белшесінен батты, мыңдаған жылдарға жалғасқан монархиялық жүйе күйреп, император тақтан тайғанмен, халықтың басындағы ауыр хал мысқал жеңілдеген жоқ. Әсіресе, 30-жылдардан кейінгі жапон-қытай соғысының аяусыз шындығы елдегі дағдарыс пен күйзелісті асқындыра түсті, мыңдаған жылдық дәстүрі мен өрнегі бар қытай өнері де тоқыраудан аман қала алмады. Батыстық өнердің соққысынан есеңгіреп, дәрменсіз халге түскен қытайдың дәстүрлі өнері, әсіресе көркемсурет өнері өзінің ұлттық тамырынан ажырап, жүдеу тарта береді. Дәл осындай алмағайып шақта, мыңжылдықтар бойы тарих шаңында көміліп жатып, ғасыр басында жарық дүниемен қайта қауышқан Дуньхуан жауһарлары қытай өнеріне үміт сәулесін төкті. Ганьсу жеріне қоныс аударып барған қазақтардың тұрмыс-тіршілігі де қытайлық қылқалам шеберлерінің назарына ілінеді.

Қазақ портреті, Чан Шухун, нобай
Фото: Қазақ портреті, Чан Шухун, нобай. Қытай бейнелеу өнері музейінің веб-сайтынан алынды

Ұлы қазына 

Дуньхуан – ежелгі Жібек жолының бойындағы маңызды шаһарлардың бірі. Ежелгі Қытай, Үнді, Орталық Азия және Ұлы дала өркениеттерінің түйісіндегі Дуньхуан аймағы ескі замандардан бері әртүрлі этнос, дін, тіл, мәдениеттердің қайнаған қазаны болды, бұл аймақта юэчжи, усун, ғұн, түрік, ұйғыр, тибет, қиян, моңғол, соғды, т.б. халықтар салтанат құрып, із қалдырды. Маньчжур билігінен кейін басы бүтін Қытай иелігіне өтті.

Синологтердің пікірінше, Дуньхуан топонимі б.з.д. II ғасырдан б.з. бірінші мыңжылдығының аяғына дейін Орталық Азия кеңістігінде өмір сүрген Тохар халқының атауынан шықса керек. Дуньхуан бай тарихымен ғана емес, буддизм дәстүріне сай безендірілген үңгір-храмдардағы (Цяньфодун деп те аталады) өнер кешенімен де әлемге танымал. Жазба деректер бойынша, Дуньхуандағы будда храмының іргесін Қытайға сапар шеккен Орта Азиялық монах Дхарма Миттра (356~442) қалаған. Әсіресе, Дуньхуан қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 25 шақырым жердегі Айғайқұм (Миншашань) қыратының шығыс сілеміндегі Могао үңгірлері көздің жауын алатын фрескаларымен мәшһүр.

Могао фрескаларын қытайлық өнертанушылар будда бейнелері, буддалық аңыздар, буддизм тарихы, сутралық көркем суреттер, иелер мен киелер, дін қамқоршылары және сәндік өрнектер деген 7 тақырыпқа жіктейді. Сондай-ақ, саятшылық, соғыс, көлік, би, тоқымашылық, құрылыс, той-томалақ, өлім-жітім, т.б. жайттардан мол мағлұмат беретін сурет туындылары аз емес. Бояулар тілі қапысыз үйлескен, кең масштабты, өнер тарихының кезеңдік сипаттарын айнытпай айшықтаған осы жәдігерлердің Қытай өнерінің тарихын зерттеудегі айрықша маңызын дуньхуантанушылар аса жоғары бағалайды.

Қытайдағы ең көне буддалық ғибадатханалар қатарындағы Могао үңгірлері таңдай қақтырар өнер туындыларымен қатар көне тарихтан сыр шертетін құнды қолжазбалар қорымен де белгілі. Бұл қолжазбалар буддалық, даостық, несториандық және манихейлік діни жазбалармен бірге, ғылым және әдебиет пен өнер саласы үшін де қызықты, құнды, тарихи ақпараттар беретін трактаттарды қамтиды. Қолжазбалар қытай, тибет, санскрит, пали, хотан, соғды, тохар, көне ұйғыр, т.б. халықтардың тілінде, олардың қатарында көне түркі жазуымен қағаз бетіне сиямен жазылған көне ұйғыр тіліндегі «Ырық бітік» («Сәуегейлік кітабы») қолжазбасы да бар.

Құнды қазынамен сыңсыған Дуньхуан үңгірлерін ғылымға алғаш жария еткен ұлыбританиялық археолог, географ, лингвист және саяхатшы Аурель Стейн болды. Ол 1907 жылы Дуньхуанға із салып, 15 жәшік будда сутрасы мен 5 жәшік сурет туындысын Еуропаға алып кетеді. Бұл жаңалық еуропалық саяхатшылар мен шығыстанушыларды аяғынан тік тұрғызады, сөйтіп, Дуньхуанға ат басын бұрған жаһанкездердің қатары көбейеді. Сондықтан, қазіргі күнде Дуньхуан мұралары әлемнің әр шалғайындағы музейлердің экспонат жинақтарынан кездесіп жатса, таң қалмау керек.

Могао үңгірлері 1987 жылы ЮНЕСКО-ның шешімінен Әлемдік мұралар тізіміне енгізіліп, адамзаттың ортақ қазынасына айналды.

Ұлттық өнер жоқшылары

XX ғасырдың басындағы қытай оқығандары да еліне емініп, жұртына жүгініп қызмет етті. Өте-мөте 1915 жылдан басталған «Жаңа мәдениет қозғалысы» қытайдың даму бағытына айтарлықтай ықпал етті, дәстүрлі дүниетаным мен ұлттық мәдениет сынға алынып, конфуцийлік ілім теріске шығарылды, ұлттық жаңғырудың жалғыз жолы ретінде батыс үлгісі ұсынылып, батыстық идеологиялар мейлінше насихатталды, білім, өнер іздеп батыстың дамыған, өркениетті елдеріне бұт түзеген жастардың шоғыры өсті. Осы қатарда әлемдік өнер орталықтарына, соның ішінде Франциядағы атағы жер жарған Әсем өнер мектебіне оқуға түскен қытайлық жас буын суретшілер де аз болмады. Олар батыстық гуманистік бағыт пен ұлтшылдық идеологияның ықпалына ұшырап, қытай өнерінің ұлттық тамыры туралы қайта ойлана бастайды. Мысалы, «Дуньхуанның шырақшысы» атанған Чан Шухун (1904-1994) «Тоқсаныншы көктем» деп аталатын ғұмырнамалық еңбегінде өзінің білім қуып жат елде жүрген жас күнінде ежелгі Грек, Рим және Еуропалық ренессанс өнерін ғана әлемдік өнердің асқар шыңы деп санағанын айтады. Бірақ, бірде Париж көшесінен атақты шығыстанушы Пеллионың «Les Grottes de Touen-houang» («Дуньхуан үңгірлері») еңбегін көзі шалып, алғаш рет аң-таң қалады, кейінірек, Шығыс халықтары өнерінің музейінде Пеллионың Қытайдан ат арытып, тон тоздырып алып қайтқан Дуньхуан фрескаларын өз көзімен көргенде, өзегіне өрт түсіп, халқының қорғансыз хәлі мен ұлттық өнердің жоқтаусыз күйіне жаны күйген, Шығыс өнерінің інжу-маржанына көңілі жаңғырған жас маман әрі-сәрі болмастан еліне қайтып, Дуньхуаннан бір-ақ шығады да, саналы ғұмырын, қажыр-қайратын Дуньхуан мұраларын қорғауға, насихаттауға, зерттеуге арнайды.

Әрине, Чан Шухун жалғыз болған жоқ, қытай өнерінің болашақ ірі тұлғалары – Чжан Дацянь, Бо Баоши, Сюй Бэйхун, Е Цяньюй, У Цзожэнь, Сыту Цяо, Люй Сыбай, Чэнь Чжифо, Лю Кайцюй, Дун Сивэнь, Дуань Вэньцзе, Гуань Шаньюе, Сунь Цзунвей, Хань Лэжань, т.б. жас суретшілер 1940 жылдан кейін Дуньхуанға іркес-тіркес ат басын бұрып, үңгір-храмдардағы фрескалардың көшірмесін жасаумен айналысты. Көбісі шетелден білім алған, ел басына бұлт үйірілген алмағайып шақта қытайдың дәстүрлі мәдениетіне әлемдік өнердің биік тұрғысынан зер салуға білікті осы жас суретшілердің Дуньхуан фрескаларына назар тігуі кездейсоқтық емес еді. Ұлттық өнерді дағдарыстан шығаруды мақсат тұта отырып, олар ұлы өркениеттердің өнер қамбасына айналған Дуньхуан үңгірлерінен қытайлық дәстүрдің тамырын іздеді, жалаң реалистік бағытқа көңілі толмайтын жас түлектер Дуньхуан үңгірлерінен Шығыс өнеріне тән сыршылдық пен ұяңдықты қайта тапты, сөйтіп, өздері меңгерген батыстық машыққа саналы түрде өзгерістер енгізді, ұлттық өнердің дәстүрлі элементтерін жаңашылдықпен жаңғыртып, бейнелеу өнерінің теориялық контекстін жаңа тұжырымдамалармен байытты. Қысқасы, өлімші хәлге жеткен ұлттық өнердің бойына қан жүгіртті.

Олар Дуньхуан фрескаларының көшірмесін жасаумен, өнер жауһарларын насихаттаумен, зерттеумен шектелген жоқ, Қытайдың солтүстік-батыс өлкесіндегі ұлттық аймақтарға экспедиция ұйымдастырып, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігі, өмір салты мен қилы тағдырын қылқаламмен қағаз бетіне түсіре бастайды. Ганьсу жерін мекендейтін қазақтар да олардың назарынан қағыс қалмайды.

Қазақ биі, Гуань Шаньюе, гохуа стильінде
Фото: Қазақ биі, Гуань Шаньюе, гохуа стильінде. Қытай бейнелеу өнері музейінің веб-сайтынан алынды

Ганьсудағы қазақтар

Ресми дереккөздер бойынша, Шығыс Түркістандағы қазақтардың Ганьсу провинциясына көші 1911 жылдан басталады. Сол жылы Баркөл өңірінен Тұңғышбай, Нәзірбай бастаған қазақтар Ганьсудағы Аньси аумағына көшіп барып, екі жылдай мал отарлатады. 1919 жылы Сауытбай бастаған 8 түтін Юймэньнің оңтүстігіндегі Ұйырқын деген жерді қоныс қылады. 1920-21 жылдары оларға арттағы елден Әмірті, Дәулет, Тоқтарқожа, Тұңғышбай бастаған 50 түтін барып қосылады. Дегенмен, ұлы көшке 1933 жылғы Сәуір төңкерісінен кейін билікке келген және Кеңестер одағының саяси-әскери көмегіне қол артқан Шэн Шицайдің қитұрқы саясаттары түрткі болады.

Шэн Шицай жергілікті әскери-әкімшілік билікті шеңгеліне алмас бұрын, 1932 жылы Қожанияз бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне тілеулестік білдірген Баркөлдегі Әліптің ауылын шауып, 117 адамды қырып салады. Қытайдағы қазақтар арасында бұл қырғын «Әліп шапқан» деп аталады. 1933 жылдың сәуір айында, Қытай әскері Шонжы қаласының іргесінде керей мен уақ елінен 600 қазақты оққа ұстайды.

Міне осындай толассыз қырғындардың салдарынан, қазақтар жан сауғалап, үдере көше бастайды. 1936 жылдан басталған үркін-қорқын нәтижесінде Ганьсу, Цинхай провинцияларындағы қазақтың ұзын саны бірер жылда 20 мыңға жетеді. Олар Ганьсудағы Цилянь (қазақтар Шүлен деп атаған) тауының етегі мен Тула, Ұйырқын, Цинхайдағы Долан, Қолымты (Голмод), Мақай, Маннай жерінде мал бағып, түтін түтетеді. Қазақтар жергілікті моңғол, тибет, ұйғыр, дүнген халықтарымен тату-тәтті сыйласып өтеді, алайда, жергілікті қытай билігі этникалық азшылықтарға бақылауды күшейту үшін ұлтаралық араздықты қоздырып, оларды бір-біріне айдап салып отырады.

1941 жылы Ганьсу билігі қазақ ісіне жауапты арнайы өкіл тағайындайды. 1942 жылы Ганьсудағы қазақтар толығымен әскери басқаруға көшіріліп, халықтың қолындағы қару-жарақ жинап алынады. 1943 жылы көктемде қазақтар ісі бойынша қабылданған бағдарламаға сәйкес, «қамқорлыққа алынған» қазақтарды таулы аймақтардан Аньси, Дуньхуан, Юймэнь, Чжанъе, Цзюцюань төңірегіндегі этникалық қытайлар арасына шашыратып, егіншілікке бейімдеу, отырықшылыққа үйрету арқылы өмір салтын өзгерту жоспарланады. Ал үкіметтің «қамқорлығына» мойынсынбаған қазақтарға экономикалық санкция салу, өріс-қонысын Цинтоу қыратынан Цилянь жотасының етегіне дейінгі аумақпен шектеу туралы шешім шығарылады. 1944 жылы жергілікті биліктің қаулысымен 7 ру елден 10 мың қазақ Дуньхуанның түстігіндегі таулы аймаққа, нақтырақ айтқанда, Ұйырқын, Наньшань (Цилянь тауының батыс сілемі) өңіріне күшпен көшіріліп, қатаң бақылауға алынады.

Азаттық аңсап, ата мекенінен ауа көшкен қазақтарды жат өлкеде жайлы өмір күтіп тұрмағаны анық еді, жергілікті биліктің жымысқы саясаты, әсіресе Цинхай провинциясының төрағасы Ма Буфанның геноцидтік қатыгездігі қазақтарды жаппай қырғынға ұшыратады. Естіген жанның төбе құйқасын шымырлатар қанды қырғын, қасап зұлым ондағы қазақтарды ашық көтеріліске шығып, ақыры Тибет жотасы арқылы Бұланайдан (Гималай) асып, Үндістанға өтуге мәжбүр етеді. Әрине, бұл өз алдына бөлек тақырып, дегенмен, мәселеге осы тұрғыдан көз жібергенде, қытайлық қылқалам шеберлерінің қолымен қағазға көшкен Ганьсудағы қазақтардың «көркем» бейнесінің XX ғасырдағы ақтабан шұбырынды, аққұла зұлматтың ақтаңдақтарын анықтаудағы тарихи құндылығы мен ауғын елдің тұрмыс-тіршілігін зерделеудегі деректік маңызы айтпаса да түсінікті.

Бәйге, Хань Лэжань, майлы бояу
Фото: Бәйге, Хань Лэжань, майлы бояу. Қытай бейнелеу өнері музейінің веб-сайтынан алынды

Қазақ өмірі қытай өнерінде

Ганьсудағы қазақтардың өмірінен картиналар салған қытайлық қылқалам шеберлері аз емес, олардың ұстанған бағыты мен стильдік мәнері әр түрлі, олардан қалған мұралар арасында майлы бояулы суреттер де, қытайдың дәстүрлі кескіндемесі – гохуа стиліндегі туындылары да, акварельдер мен нобайлар да, тіпті өңделмеген нұсқалар мен аяқталмаған жұмыстар да бар. Қытай бейнелеу өнерінің алтын қорына енген бұл мұраларды түгендеп шықсақ, бір атанға жүк болары анық. Сондықтан, бұл жерде белгілі бір тұлғалардың қадау-қадау еңбектеріне ғана таумен шектелеміз.

Ганьсудағы қазақтар өміріне қалам тартқан қабырғалы кескіндемешінің бірі – Дун Сивэнь (1914-1973). Ол Сучжоу Әсем өнер колледжінің түлегі, 1942-1946 жылдар аралығында Дуньхуан өнер академиясында Могао фрескаларын қорғау, зерттеу, көшіру жұмыстарымен айналыса жүріп, қазақ тақырыбында бірқатар картина салады. Әсіресе, оның атағын шығарған алғашқы туындыларының бірі - 1948 жылы Бейжіңде салынған «Қазақтың шопан қызы» картинасы. Бұл автордың өзіндік қолтаңбасын айқындаған және Қытайға кең танымал картиналарының бірі. Қытайлық өнертанушылар бұл туындыны Дуньхуан фрескаларының стильін тірілткен ең үздік еңбектердің қатарында атайды.

Қазақтың шопан қызы, Дун Сивэнь, гохуа стильінде
Фото: Қазақтың шопан қызы, Дун Сивэнь, гохуа стильінде. Қытай бейнелеу өнері музейінің веб-сайтынан алынды

Қазақ тақырыбындағы қытай кескіндемелері туралы сөз болғанда, Гуань Шаньюенің (1912-2000) есімін атамау мүмкін емес. Ол - қытай сурет өнеріндегі Линнань мектебінің ірі өкілі. 1943 жылдың жазынан 1945 жылдың көктеміне дейін Солтүстік-батыс Қытайға сапар шегіп, Ганьсудың ой мен қырын түгендеп, Дуньхуанда фрескалардың көшірмесін дайындауға араласады. Осы сапарында оның қаламынан «Асауға қамшы басу» (1944), «Көшпенді қазақ өмірі» (1945), «Қазақ әйелдері» (1945), «Шүленнен асқан қазақтар» (1944), «Қазақ биі» (1945) т.б. айшықты, қолтаңбалы картиналар өмірге келеді. Оның қазақтар жайлы картиналарынан да Дуньхуан стильінің өрнегі мен көркемдік бояуы көзге ұрып тұрады.

Көшпенді қазақ өмірі, Гуань Шаньюе, гохуа стильінде
Фото: Көшпенді қазақ өмірі, Гуань Шаньюе, гохуа стильінде. Қытай бейнелеу өнері музейінің веб-сайтынан алынды

Ганьсуға сапар шегіп, қазақ өмірімен жіті танысқан тағдырлы таланттардың бірі – Сунь Цзунвей (1912-1979). Ол 1941 жылдың сәуір айынан 1942 жылдың күзіне дейін Чжан Дацяньға серік болып, Ганьсудағы жергілікті халықтардың тыныс-тіршілігіне үңіледі. Осы сапарынан кейін, 1946 жылы Чунцинде жеке сурет көрмесін де өткізеді, көрмеге қойылған 152 туындының 115-і Батыс өлке тақырыбына арналады. Оның шығармашылық мұрасы өте бай, ал бізге қазірше оның Ганьсудағы қазақтар бейнесін танытатын «Домбыра» (1943) және «Қазақ биі» (1943) картиналары ғана белгілі.

Аз ғұмырда көп жұмыс атқарған еңбекқор кескіндемешілердің бірі ретінде қытайлық кәріс суретшісі Хань Лэжаньды (1898-1947) айтуға болады. Ол Париж Әсем өнер мектебін бітіріп, «Париж ақшамы» газетінде меншікті тілші қызметін атқарады. 1943 жылдан кейін Солтүстік-батыс Қытайға көп мәрте сапар шегіп, Дуньхуан үңгірлері мен Шынжаңдағы Қызыл мың үйін қорғау, зерттеу ісіне ат салысады. Осы сапарларында Ганьсудағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі хақында «Қазақ үйдің түтіні» (1946), «Жүн иірген қазақ әйелдері» (1945), «Бәйге» (1945), «Бәйге алдында» (1945), «Тары түйген қазақ әйелі», «Күйеуін күткен келіншек», т.б. картиналар салады. «Қытайдың Пикассосы» атанған оның майлы бояуларынан батыстық стиль мен шығыстық мәнердің үйлесімді айшығы анық байқалады.

Домбыра, Сунь Цзунвей, майлы бояу
Фото: Домбыра, Сунь Цзунвей, майлы бояу. Қытай бейнелеу өнері музейінің веб-сайтынан алынды

Тізімді соза беруге болар еді, дегенмен, оқушымызды жалықтырып алмайық деген ниетпен сөзімізді доғаруға мәжбүрміз. Сөз соңында айтарымыз, қытайдың көркемсурет өнеріндегі Батыс Қытай бағытының көш басында жүрген, тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс үстінде болған қазіргі қытай өнерінің алғашқы қарлығаштарының қазақ тақырыбына арнаған картиналарын шығыстағы ұлы көштің тарихын зерттеу мен өткен ғасырдың 40-50 жылдарындағы қазақтың этнографиялық келбетін анықтауда тиісті деңгейде кәдеге жарат алсақ, құба-құп болар еді.

Айта кетсек, Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық өлкесінің батыс алқабындағы Алша аймағына қарасты Шығыс Алша ауданында шартты түрде «моңғол мұсылмандары» деп аталып кеткен өзгеше этникалық топ өмір сүреді. Кей зерттеушілер олардың этникалық тегін қазақтармен байланыстырады. Kazinform тілшісі осы мәселе бойынша тиісті деректермен бөліскен еді

Соңғы жаңалықтар