Қытайлық спортшы: Біз додада қарсылас болғанымызбен өмірде доспыз

ЯБУЛИ. KAZINFORM — Қытайлық спортшы Ци Гуанпу Kazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, барша қазақстандықтарды тарихи алтын медалімен құттықтады.

Харбиндегі спортшылар жеңісі
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Ци Гуанпу қазақстандық спортшылардың чемпион болғанына қуанышты екенін жеткізді.

— Біз қазақстандық спортшылардың жеңіске деген талпынысының куәсі болдық. Бүгін, олардың қаншама жылдан бері төккен терінің ақталғанына шын жүректен қуаныштымыз. Сіздерді осы жеңістеріңізбен құттықтағымыз келеді, — деді қытайлық спортшы.

Айта кетерлігі, марапаттау рәсімі кезінде, күміс және қола медаль еншілеген қытайлық спортшылар қазақстандық чемпиондарға айрықша құрмет көрсетті. 

— Олардың мықтылығы біздің құрметімізге лайық болды. Мінберде тұрғанымызда, екі шетте қытайлық спортшылар, ал ортада қазақстандық спортшылар екенін байқадық. Сол себепті, достарымызды ерекше тәсілмен құттықтап, құрметімізді көрсеткіміз келді, — деді Ци Гуанпу.

Оның айтуынша, спортшылар жарыс алаңында қарсылас болғанымен, өмірде бір-бірімен дос. 

— Біз көптеген жыл бойы жарыс жолында қарсылас болғанымызбен, өмірде доспыз деп ойлаймын. Мен осы көрсеткен құрметіміз арамыздағы достықты нығайтуға, бірге осы спортты дамытуға өз үлесін қосады деп сенемін, — деді қытайлық спортшы.

Еске салайық, Қазақстандық спортшылар Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов фристайл-акробатикадан ерлер арасында синхронды секіру сынында 97.92 ұпай жинап, ел қоржынына екінші алтын медаль сыйлады.

Қазіргі уақытта, Қазақстан құрамасының медалдар саны 13-ке жетті.

Соңғы жаңалықтар