Қытайлық зауыт 76 секундта бір энергетикалық көлік құрастырады — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстанға турист қай елдерден ең көп келетіні белгілі болды — ӨзА
2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Өзбекстанға 4,2 миллион шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48,2 пайызға артық.
Ұлттық статистика комитеті келушілердің басым бөлігі көрші мемлекеттерден екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, ең көп турист Қырғызстаннан келген — 1,2 миллион адам.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Хабарламада айтылғандай, одан кейінгі орындарда Тәжікстан (993,7 мың), Қазақстан (889,6 мың), Ресей (334,3 мың) және Ауғанстан (199,2 мың) қатарлы елдерден туристер келеді екен.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, саяхатшылар Өзбекстанның тарихи-мәдени көрнекі орындарына қызығушылық танытқан.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан ең қауіпсіз елдер рейтингінде 25-орынға ие болды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Дүниежүзіндегі ең қауіпсіз елдер тізімінде Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) көш бастап тұр. Бұл ел жеке қауіпсіздік пен қоғамдық ортаның жалпы тұрақтылығы үшін жоғары бағаланған.
Өзбекстандық ақпарат көзінің дерегінше, 2025 жылға арналған Numbeo талдамалық платформасының жаңартылған рейтингінде әлемнің ең қауіпсіз елдері мен өңірлері жарияланды.
Жаңа есепке сәйкес, БАӘ бірінші орынды иеленсе, екінші орында Андорра, үшіншіде Қатар орналасқан. Өзбекстан бұл тізімде 25-орынға жайғасыпты.

Айта кетейік, ең қауіпсіз елдер мен өңірлердің алғашқы ондығында, Біріккен Араб Әмірліктері, Андорра, Қатар, Тайвань, Макао, Оман, Мэн аралы, Гонконг, Армения және Сингапур қатарлы елдер бар.
Аталған елдерде қылмыс деңгейі төмен, тұрғындардың құқық қорғау органдарына сенімі жоғары, ішкі ахуал тұрақты.
Ал басқа елдердің (ТМД елдері — авт.) орындары мынадай: Әзербайжан — 35-орын, Ресей — 52-орын, Қазақстан — 73-орын, Украина — 81-орын, Қырғызстан — 101-орынды иеленсе, Түрікменстан мен Тәжікстан рейтингке енбеген.
Айта кету керек, бұл ақпаратта ең қауіпті елдер тізімі де жарияланған.
Еске сала кетейік, бұл мәліметтер ресми мемлекеттік статистикаға емес, сауалнамаға қатысқандардың субъективті қабылдауына негізделген.
Өзбекстан Қазақстанды шамамен 30 жылдан кейін қуып жете алады — Eurasia Today
Өзбекстан шамамен 30 жылдан кейін Қазақстанды экономика саласында қуып жете алады.
Бұл туралы өзбекстандық экономист Бехзод Хошимов YouTube желісіндегі Cactuz подкастында мәлімдеген.
Ол Өзбекстанның экономикалық көрсеткіштерімен Қазақстанды қуып жетуі қиын болатынын айтқан.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Бехзод Хошимов дамыған және кедей елдердің экономикалық өсімі арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін тілге тиек еткен.
Ол мысал ретінде АҚШ пен Өзбекстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің арасындағы айырмашылық өте үлкен екенін айтады.
Экономисттің пікірі бойынша, Өзбекстан үшін жылына 5 пайыздық экономикалық өсу қарқынымен жоғары нәтижеге жету қиын. Елдің экономикасы кем дегенде 8 пайызға өсуі керек.
— Олай болса, шамамен 30 жылдан кейін біз Қазақстанды қуып жете аламыз. Қазақстанда жан басына шаққандағы табыс біздікінен 5-6 есе жоғары. Біздің кедей болғанымыз сонша, табысымыз алты есе өссе, яғни әрбір өзбектің табысы бірдей мөлшерде өссе, біз Қазақстанды қуып жетеміз. Тіпті, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өніміміз 5 пайыздан астам өссе де, 10 жылдан кейін Қазақстанды қуып жетуіміз екіталай. Тіпті, Өзбекстанның әлемде орташа табысқа ие елдердің қатарына енуі көп күмән тудырады. Бәрінен бұрын тұрақты экономикалық өсімнің 5 пайыз деңгейінде болуының өзі неғайбіл, — дейді Бехзод Хошимов.
Баркөл қазақ автономиялы ауданында әуежай ашылды — CNR
Шыңжаңның 28-інші азаматтық көлік әуежайы қолданысқа берілді.
15 шілдеде Чунциннен Баркөлге тікелей ұшқан Huaxia Airlines әуекомпаниясының G54215 рейсі Шыңжаңның Құмыл аймағы Баркөл ауданына келіп қонды.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады.

Бұл Баркөл Дахы әуежайының ресми ашылғанын білдіреді. Баркөл қазақ автономиялы ауданындағы жаңа әуежай Шыңжаңда пайдалануға берілген 28-інші халықтық әуежай және екінші үстірт әуежайы, деп жазады қытайлық БАҚ.
Айта кетейік, Баркөл қазақ автономиялық ауданы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Құмыл аймағына қарасты аудан.
Баркөл 1954 жылы автономиялық аудан болып құрылған.
Қытайда Іле қазақ автономиялық облысынан тыс Мори қазақ автономиялық ауданы, Баркөл қазақ автономиялық ауданы және Гансу өлкесінде Ақсай қазақ автономиялық ауданы қатарлы үш қазақ автономиялық аудан бар.
Қытайлық автозауыт 76 секундта бір энергетикалық көлік құрастырып жатыр — «Халық газеті»
Xiaomi автомобиль зауыты Бейжіңнің экономикалық және технологиялық даму аймағында орналасқан. Зауыт 700 000 шаршы метрден астам аумақты алып жатыр. Бұл 100 футбол алаңы көлеміне пара-пар алпауыт зауытта әр 76 секунд сайын бір жаңа энергетикалық көлік құрастырылады, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

Аталған басылымның мәліметінше, Xiaomi соңғы бес жылда зерттеулер мен әзірлемелерге 100 миллиард юаньнан астам инвестиция салған және негізгі мүмкіндіктерін тиімді қолдануы арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Компания алдағы бес жылда жаһандық технологиялардың жаңа буынын шыңына жалғасты ұмтылу үшін тағы 200 миллиард юань инвестициялауды жоспарлап отыр.
BRICS телеарнасының арнайы сыйлығы берілді — ParsToday
Үндістан өкіліне үшінші рет ұйымдастырылған «Еуразия жасыл климат» халықаралық байқауында BRICS TV желісінің арнайы жүлдесі табыс етілді, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
ParsToday агенттігінің BRICS телеарнасына сілтеме жасап хабарлауынша, «Жасыл климат Еуразия» үшінші халықаралық байқауының жабылу салтанатында Үндістанның Қоршаған ортаны қорғау қоры (EFI) 603 қараусыз қалған су жолдарын қалпына келтіргені және жер асты суларының қорын жақсартқаны үшін BRICS телеарнасының арнайы сыйлығын алды.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссияның қолдауымен өткен шарада 16 елден 295 жоба бағаланды.
EFI негізін қалаушы Арун Чела Кришнамурти ТВ БРИКС-тен бұл арнайы сыйлықты алу ерекше ынталандырады деген.
Оның айтуынша, бұл марапат біздің тынымсыз еңбегіміз бен тіршілік ету ортасын қалпына келтіруге ғылыми көзқарасымызды көрсетеді және жаһандық оңтүстіктегі экологиялық мәселелерге әлемнің назары ауады.
Ыстанбұл әуежайы әлемнің ең үздік әуежайы болып таңдалды — TRT
Ыстанбұл әуежайы «Travel + Leisure» журналы тарапынан қатарынан екінші рет әлемнің ең үздік әуежайы болып таңдалды. Әуежай екі жыл бұрын 7-орында болса, қазір көш бастап тұр, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«TRT»-ның мәліметінше, Еуропаның ең ірі әуежайы саналатын Ыстанбұл әуежайы танымал саяхат журналы «Travel + Leisure» жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша қатарынан екінші рет әлемдегі ең үздік әуежай ретінде таңдалған.
Әуежайдың көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғарылап, 95,79-дан 98,57-ге дейін өскен. 2023 жылғы сауалнамада 83,36 оқырман ұпайымен жетінші орынды иеленген Ыстанбұл әуежайының биылғы жетістігі «Travel + Leisure» журналы тарапынан «ерекше әсерлі көрсеткіш» деп сипатталды.
Түркиялық басылымның дерегінше, әуежайлар «Travel + Leisure» журналының оқырмандары тарапынан қолжетімділік, тіркелу тәжірибесі, қауіпсіздік, тамақтану, сауда және дизайн сияқты өлшемдер бойынша бағаланды.