Қытайлық жас жүзуші әлемдік рекорд орнатты
АСТАНА. KAZINFORM — Юй Цзыди Қытай құрамасы сапында еркін стильдегі 4x200 метрлік әйелдер эстафетасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп жазды АЗӘРТАДЖ.

Ол финалда жүзбегенімен, іріктеу кезеңіндегі қатысуының арқасында медаль иеленеді. 12 жасында Юй Цзыди жүзу бойынша әлем чемпионаттарының тарихындағы ең жас жүлдегер болып тіркелді.
Swimming World журналының хабарлауынша, Юй Цзыди — соңғы 89 жылдағы халықаралық жарыстарда медаль жеңіп алған ең жас спортшы. 1936 жылғы Берлиндегі Олимпиада ойындарында дат спортшысы Инге Сёренсен 200 метрлік брасс әдісінде 12 жасқа толғанынан бір ай өтпей жатып қола медаль жеңіп алған. Ал Юй қазан айында ғана 13 жасқа толады.
АЗӘРТАДЖ хабарлағандай, бұған дейін Юй Цзыди жеке қашықтықтарда екі рет төртінші орын алған — 200 метр кешенді жүзу және баттерфляй әдісімен. Бұл чемпионатта оған 400 метр кешенді жүзу сайысында қатысу қалды.
Мамыр айында өткен Қытай чемпионатында Юй 200 метрлік кешенді жүзуде 2 минут 10,63 секунд көрсетіп, күміс медаль жеңіп алып, өз жас категориясындағы ең үздік нәтиже көрсетті. Осы нәтижелердің негізінде ол әлем чемпионатына жолдама алды. Юй әлем чемпионатына қатысқан ең жас жүзушілердің бірі — Бахрейндік Альзаин Таректен кейінгі екінші орында тұр. Альзаин 2015 жылы Қазанда өткен чемпионатта небәрі 10 жасында жарысқа қатысқан.
Халықаралық су спорты федерациясы (World Aquatics) жарыстарға ең төменгі жас шегін 14 жас деп белгілеген. Алайда, егер спортшының нәтижесі іріктеу нормативінен асып кетсе, жас ерекшелігіне қарамастан, жарысқа қатысуға рұқсат беріледі.
2025 жылғы су спорттары бойынша әлем чемпионаты 11 шілде мен 3 тамыз аралығында Сингапурда өтуде. Бастапқыда бұл чемпионат Қазанда өтуі тиіс болған, бірақ World Aquatics шешімімен Сингапурға ауыстырылды. Жарысқа 206 елден шамамен 2500 спортшы қатысып жатыр.
Бұл турнирде 77 медаль жиынтығы сарапқа салынып, рекордтық көрсеткіш тіркелмек. Сондай-ақ, 6 миллион доллардан астам жалпы жүлде қоры және жүзуден жаңа әлемдік рекорд орнатқан спортшыға 30 000 доллар көлемінде бонус қарастырылған.