Қытаймен су бөлу келісімі 60 пайыз мақұлданды – министрдің эксклюзив сұхбаты
Елімізде Су ресурстары министрлігі дейтін дербес ведомство құрылып, Нұржан Нұржігітов министр болып тағайындалған еді. Жаңа қызметке келгеніне 100 күн толған шақта су жаңа министрліктің су жаңа басшысы Kazinform агенттігіне сұхбат берді.

- Биыл Ертістің бойындағы Бұқтырма су қоймасының кейбір тұсы жағадан алыстап кеткені туралы видеолар тарады. Бұл мәселені Қытай жағымен талқыладыңыздар ма?
- Былтыр Бұқтырма су қоймасында жиналған су көлемі аз болды. Ол, біріншіден, қоймаға Ертістен келетін судың көлеміне байланысты. Ал Ертістен судың аз келуін құрғақ циклмен байланыстырып отырмыз. Себебі, қазір Бұқтырма су қоймасындағы су деңгейі былтырғыдан 3 текше шақырым артық. Сондықтан биыл алаңдайтын мәселе жоқ деуге болады.
Жалпы, Қытай Халық Республикасымен қалай жұмыс істеп жатырмыз дегенге келсек, 2015 жылдан бастап екі ортада жұмыс тобы құрылған. Сол топтың ішінде бірнеше бағыт бойынша арнайы топтар бар. Бізден сол жұмыс тобына 20 адам кіреді. Бұрын ол топты Экология және табиғи ресурстар министрлігінің департамент бастығы басқаратын. Су ресурстары министрлігі құрылғаннан бері оның деңгейін көтердік. Жұмыс тобындағы Қазақстанның арнайы тобына менің орынбасарым Нұрлан Алдамжаров жетекшілік етеді.
Бүгінде мәселелердің 60 пайызы бойынша ортақ шешімге келдік деуге болады. 40 пайыздай жұмыс қалды. Келісімді ресми құжатқа айналдыруға екі жақ та мүдделі болып отыр.
- Кейінгі 6-7 жылда Қытай мен Қазақстанның арасындағы Ертіс суын бірлесіп пайдалану туралы келіссөздердің ресми мәтіні ешқайда жарияланбайды. Тіпті келіссөздің өзі жабық өтеді. Осы процесті ашық ету керек дейтіндер көп. Бұл ұсынысты қолдайсыз ба? Егер қолдамасаңыз, себебі қандай?
- Сізге Қытаймен қалай жұмыс істеп жатқанымыз жайында екі мысал келтірейін. Қорғас деген өзен бар. Шекара сызығы ол өзенді қақ бөліп өтеді деуге болады. Сол өзеннің бойында Қытаймен бірге гидротехникалық нысан салдық. Оның жұмысы 100 пайыз автоматтандырылған. Нысанның шлюздері су шекара сызығының екі жағына бірдей ағатындай етіп жасалған. Бір тарап шлюзді көбірек немесе азырақ ашқысы келсе, екінші жағына да автоматты түрде тура сондай су ағады. Дәл осындай автоматты нысан Сүмбе өзенінің бойына да салынған. Оған енді электр қуатын тарту керек. Ол үшін бюджеттен 119 млн теңге бөлінді. Енді Шығыс Қазақстан облысында Үлкен Ласты деген өзен бар. Ол да шекараны бойлап ағады. Оған да дәл осы тәсілді қолданамыз деген келісім бар. Әзірге арамызда ортақ су көздері бар басқа мемлекеттердің ешқайсысымен мұндай келісімге келіп көрген жоқпыз.
Ал келіссөздердің ашықтығы туралы айтсақ, суды бөлу, пайдалану, жинақтау мәселелері стратегиялық маңызға ие екенін ескеру керек шығар. Кейбір позицияларды жария етуге болмайды. Оны ашық айтуымыз қажет. Халық білуі керек мәліметті ресми көздер арқылы беріп келеміз. Мысалы, қазан айында өткен келіссөздердің негізгі қорытындыларын баспасөз қызметі арқылы, ресми сайтымыз арқылы жарияладық. Сондықтан бірыңғай жабық деп айтпас едім. Жалпы 20-дан астам өзен бойынша Қытай тарапымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде сіздер көп жазатын Ертіс те, Іле де бар. Өзіңіз айтқандай, төрт ірі трансшекаралық өзеніміз бар. Олар басты назарымызда. Қалғандары бойынша келісімге келеміз деп ойлаймын.

- Ресеймен Жайықтың суын бірлесіп пайдалану, ондағы проблемаларды бірлесіп зерттеу жөнінде келісім бар. Сол зерттеулердің қорытындысы шықты ма? Ресей аумағындағы гидротехникалық нысандардың су пайдалану балансы Қазақстан мүддесін қаншалықты ескеріп бекітіледі?
- 2019 жылы сіз айтып отырған Жол картасы бекітілген. Жайықтың бойындағы гидротехникалық нысандардың инвентаризациясы Жол картасында көрсетілген мерзімдерге сай жүріп жатыр. Әр мекеме өз жұмысын істеп жатыр. Инвентаризацияның қорытындысы бойынша сіз атаған сұрақтың бәріне жауап табуымыз керек. Ресей өз жағындағы нысандар туралы мәлімет ұсынады, біз өз жағымыздан мәлімет береміз.
Көпжылдық зерттеулер көрсетіп отыр. Су мол жылдары Жайықтан бізге жылына 8 текше шақырым су келеді. Биыл 7,8 текше шақырым келді.
- Жалпы Кеңес одағы ыдырағаннан бері Жайықтың бойына неше гидротехникалық нысан салынған? Оның нешеуі Қазақстандікі, нешеуі Ресейдікі? Ресей тарапы Жайықтың бойына қандай да бір гидротехникалық нысан салған кезде Қазақстанның ресми келісімін алып отыр ма?
- Батыста Ресейден келіп құятын бірнеше өзен бар. Жайықтан басқа Қиғаштың мәселесі бар дегендей. Ол өзендердің бәрін бірлесіп пайдалану туралы алғашқы келісімдер 1960 жылы бекітілген. 1982 жылы ол келісімдер қайта қаралды. Одан кейінгі келісім 2010 жылы жасалды. Осы келісімшарттың 6-бабында жазылған: егер тараптардың бірі гидроқұрылым салатын болса, міндетті түрде екінші жаққа ескерту керек. Нысан салынғаннан кейін де оның екі жаққа қалай әсер еткеніне зерттеу жүргізіледі. Тараптардың бірінің есебі бойынша, нысанның кері әсері көп болса, арнайы жұмыс тобы құрылып, мәселені бірге зерттейді. Келісімшарттың 12-бабында тура осындай шарт бар. Осы баптардың қаншалықты орындалғанын жаңағы Жол картасының зерттеулері аясында анықтаймыз. Ол жұмыс әлі біткен жоқ.
- Зерттеулердің алдын ала мәліметтері бар ма? Ресей немесе Қазақстан жағында Жайықтың табиғи тіршілігіне зиян келтіріп жатқан нысандар анықталды ма?
- Әзірге оны айту ерте. Айтып отырмын ғой, Ресей тарапы өз мәліметін ұсынады, біз өз жағымыздағы мәліметті ұсынамыз.
- Сонда бір-бірлеріңіздің ресми мәліметтеріңізге көз жұмып сенгелі отырсыздар ма?
- Жоқ. Ресей ұсынған мәліметті Жайықтың проблемасын білетін су мамандарымен, су дипломаттарымен талқылаймыз, яғни мамандар тексеріп, бізге бағасын береді.
- Жайықтың маңындағы қуаңшылық циклі қай жылға дейін жалғасуы мүмкін? Бұл туралы нақты зерттеулер бар ма?
- Жаңа айтқанымдай, биыл судың жылдық көлемі 7,8 текше шақырым болды. Су мол жылдары бізге тиетін үлес – 8 текше шақырым. Кеңес заманында жасалған келісімде осындай үлес бекітілген. Биыл су мол жылдардағы үлестен 0,2 текше шақырым ғана аз су келді. Ең су тапшы жылдары 3,4 шақырым ғана су келген. 2020 жылы сондай жағдай тіркелді, яғни 2020-2021 жылдары қуаңшылық болды. Су деңгейі содан түсті. Ал қазір қарасақ, жақсарып келеді.
- Сырдария суын бойындағы төрт мемлекеттің бірлесіп пайдалануын реттейтін Сырдария бассейндік шаруашылық бірлестігі дейтін ортақ мекеме бар. Ардагер маман Нариман Қыпшақбаев сияқты сарапшылардың сөзінше, 1988 жылдан бері сол мекемеге тек Өзбекстан азаматтары тағайындалып келе жатыр екен. Осының кесірінен су бөлу, оған мониторинг жасау кезінде Қазақстанның мүддесі дұрыс қорғалмай жатыр дейтін пайым бар. Сіз министр ретінде осы тенденцияны бұзуға ниеттісіз бе?
- Дұрыс айтасыз, сексенінші жылдардан бері осы мәселе қойылып келе жатыр. Негізі о баста ол бірлестіктің басшысын Сырдарияны бөлісетін елдердің өкілдері кезекпен, ротация бойынша басқарып отыруы керек болған. Ташкентке бұл мәселені қойып отырмыз. Бұйырса, 2024 жылдан бастап алдағы үш жылда Қазақстан Аралды қорғау жөніндегі халықаралық қорға төрағалық етеді. Осы төрағалық барысында сіз атаған мәселені көтермекпіз. Әрине, ол жерде қаржы мәселесі де бар, яғни бірлестіктің жұмысын қаржыландыру жағын біз шешуіміз керек.
- Ол соншалық көп ақша ма?
- Оны зерттейміз.
- Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, 1982 жылғы келісімде жалпы Сырдария бассейнінің жылдық су қоры орта есеппен 37 текше шақырым деп көрсетілген екен. Осының ішінде Қазақстанның үлесі 17,4 текше метр су болу керек. Демек, 37 текше шақырымның 38 пайызы Өзбекстандікі, 52 пайызы Қазақстандікі. Қалған 10 пайызы Қырғызстан мен Тәжікстандікі. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін төрт мемлекеттің министрлері осы келісімді күшінде қалдырыпты. Дегенмен, қазір Сырдариядан бір жылда біз алатын судың көлемі 12 текше шақырымның маңында. Қалған 5,4 текше шақырым су қайда кетіп жатыр?
- Оны былай түсіну керек. Су деңгейі жыл сайын өзгеріп отырады. Су көп жылы Қазақстан жыл бойында 12 текше шақырым су алу керек. Биыл 12,4 текше шақырым су алдық. Су аз жылдары біздің үлес 8 текше шақырымнан аз болмау керек. 17 текше шақырым су алған кезіміз болған. Бірақ ол кезде Сырдарияның жылдық су ағыны 37 текше шақырымға жеткен. Қазір Сырдарияда ондай көлемде су жоқ. Бірақ ол келісімде Қазақстанның үлесі 17,4 текше шақырым болу керек деп жазылды деген сөз емес. Келісім бойынша, біздің үлес су көп жылдары 12 текше шақырымнан, аз жылдары 8 текше шақырымнан кем болмау керек.

- Ал осы үлестің орындалуын қалай бақылап отырсыздар? Судың қажетті мөлшерде беріліп жатқанына күмәнмен қарайтын сарапшылар бар. Сол үшін ғарыштан бақылау орнатуды ұсынып жүр. Сіз оған не дейсіз?
- Гидробекеттер арқылы бақылаймыз. Мысалы, Шардара су қоймасына қанша су кіріп, шыққанын өзіміздегі гидробекет арқылы көріп отырамыз. Көксарайда да солай. Қызылорда облысында төрт гидроқұрылым бар. Соның әрқайсысынан қанша су өтіп жатқанын біліп отырамыз. Тура осындай тәсіл Өзбекстанда да қолданылады. 4 мемлекеттің Халықаралық су шаруашылығы комиссиясы бар. Осыған дейін ол комиссия жылына екі рет кездесіп, мәселелерді талқылайтын, бір-бірімізге есеп беретінбіз. Өткен жолы Ташкентте келістік – енді жылына төрт рет кездесіп тұрамыз. Соның бәрі деректерді салыстырып, беттестіруге арналған. Сәйкес келмеу жағына келсек, айырмашылық 4 пайыздан аспайды.
Космостан бақылауға келсек, бізде «Қазақстан Ғарыш сапары» деген мекеме бар. Кейінгі екі жылдың ішінде бұрынғы Экология министрі ақпараттық жүйе орнатып бастаған. Біз Су ресурстары министрлігі сол жобаны әрі қарай жалғаймыз, яғни су көлемін ғарыштан анықтау да жолға қойылып келеді. Қазір біздің аумаққа кіріп, шығатын судың 30 пайызын ғарыштан, 70 пайызын гидробекеттер арқылы есептеп отырмыз. Болашақта су ағынын өлшейтін қосымша құралдар орнатсақ дейміз. Соның бәрін біріктіргенде қолымыздағы ақпарат нақтырақ бола түседі. Енді оның бәрі болашақтың жұмысы.
- Сырдарияның бойындағы төрт мемлекет те суды үнемдемей пайдаланады деген түсінік бар. ХХІ ғасырда отырып бақшаны кетпенмен суаратындар бар екені айтылады. Нақты өзімізге келсек, шаруаларды су үнемдеуге міндеттейтін шаралар қабылдана ма?
- Ағын суға келсек, жаңбырлатып және тамшылатып суару технологияларын білесіз. Жерді тегістеу дейтін тағы бір бағыт бар. Қазір лазерлік технологияның көмегімен тегістейтін арнайы техника бар. Кетпенмен суару деп отырсыз ғой. Былайша айтқанда, бұл да тура сол сияқты. Жер тұтастай тегіс болса, су еш кедергісіз, тез жайылады. Осы тәсіл арқылы ылғалды 20 пайыз үнемдеуге болады. Екі күн бұрын Өзбекстаннан бір азамат мәлімет берді. Өзбекстандағы 4 млн гектардан астам суармалы алқаптың 1 млн гектардан астамы су үнемдеу технологиялары арқылы суарылады. Бірақ соның 50 пайызында осы лазермен жер тегістеу тәсілі қолданылады.
Ал Қазақстанда суармалы жердің 20 пайыздайында жаңбырлатып және тамшылатып суару тәсілдері қолданылады. Бұл – 280 мың гектар алқап деген сөз. Осы проблеманы әрі қарай шешу үшін шаруа қожалықтарына шығындардың бір бөлігін өтеп беру мәселесін қайта көтеріп жатырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігімен сол субсидияны көбейту мәселесін зерделей бастадық. Көбейсе, шаруалар қарқынды арттырар еді. Нақты айтсақ, жаңбырлатып және тамшылатып суару технологияларын өндіру шығындарын, жерасты суына ұңғыма қазу шығындарын, су жаятын арық тарту және ұңғымаға электр қуатын тарту шығындарының бір бөлігін мемлекет өтеп отыр. Сол мемлекет төлейтін үлесті көбейтсек деген ой бар.

- Су дипломатиясына қатысы бар ғалымдар Ресеймен, Қытаймен өтетін келіссөздерде қарсы жақтан 20-30 адам келетінін, біз жақтан саусақпен санарлық адам ғана қатысатынын айтады. Маман тапшылығының кесірінен олардың қарқындарына үлгермей жататындарын айтып жүр. Осы мәселені қалай реттемексіз?
- Жалпы ондай проблема бар. Жаңа құрылған министрліктегі ең үлкен департамент – осы халықаралық қарым-қатынасты реттеу департаменті. Оның ішінде үш басқарма бар. Сол басқармаларға бұрын осы су саласында істеген мамандарды қайтадан жинап жатырмыз. Су саясаты департаментін бөлек аштық. Ол департаментке басшы қылып осы салада өмір бойы істеп келе жатқан, Қытаймен арадағы жұмыс тобының 12 отырысы өтсе, соның тоғызына қатысқан маманды тағайындадық. Бұрын бұл жүйеден кетіп қалған болатын. Соны қайтардық. Ғылым және инновация департаменті бар. Сол жерге осы салада 20 жыл істеген, кейінгі 3-4 жылдың ішінде басқа жұмысқа ауысып кеткен маманды директор етіп әкелдік. Осының арқасында Алматыда Ресейдің жұмыс тобымен кездесуге біз де 20 адам болып бардық. Жаңағы қызметке алған департамент басшылары топтың мүшесі ретінде қатысады. Қысқасы, саланы жақсы білетін мамандардың лауазымын көтеріп отырамыз.
- Ауыз су тарифін, коммуналдық су тарифін бекіту ісінде сіздердің министрліктеріңізге қандай құзырет берілді?
- Тарифті Ұлттық экономика министрлігі бекітеді. Бірақ міндетті түрде біздің келісімімізді алады. Біз өз ұсыныстарымызды, ұстанымдарымызды айтып, дәлелдейміз. Осындай түрлі ұсыныстардың негізінде бір шешім қабылданады.
- Өзіңіз ақыл-кеңесін сұрап жүрген Нариман Қыпшақбаевтың бір сұхбатында айтқан сөзі бар: «Қазақстанда су жетпейді емес, жеткілікті. Соны ұқсататын бас жетпей жатыр», - деп. Жалпы, Қазақстан жерінің астындағы және үстіндегі су қоры қазіргі 20 млн адамның қажеттілігін неше пайыз өтеп отыр?
- Бұл сұрағыңыз сәл дұрыс емес. Өйтіп айта алмаймыз. Себебі, әр жылы судың көлемі әр түрлі болады.
- Сонда көпжылдық, орташа есептеулер жоқ па?
- Дәл бүгін біздің аумаққа жыл сайын келетін судың көлемі қазіргі қажеттіліктерімізге жеткілікті. Қазір республика аумағында қалыптасатын судың 25 пайызын ғана пайдаланып отырмыз.
- Бұрынғы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Серік Қожаниязов 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайызға жетуі мүмкін екенін айтқан еді. Ал сіз жылдық қордың 25 пайызын ғана пайдаланып отырмыз дейсіз. Осы сандардың сәйкессіздігін түсіндіріп беріңізші...
- Сәйкессіздік сандарда емес, түсініктерде. Жыл бойында Қазақстан аумағында қалыптасатын суды 100 пайыз пайдалану керек деген мақсат болмау керек. Табиғат тепе-теңдігін сақтау үшін суды тым көп тұтынуға болмайды. Тапшылық деген осыдан туындайды. Адам қажетіне деп табиғаттың аузынан жырсақ, климаттың өзгеруі жылдамдайды, экологиялық азып-тозу басталады. Тапшылық туындайды деген сөзді осылай түсіндіруге болады. Ақсақалдың «суды ұқсататын бас жоқ» дегені де осы әңгіме.
- Жаңағы 25 пайыз тұтынылатын судың ішкі құрылымы қандай? Ауыз суға, өндіріске, ауыл шаруашылығына неше пайыздан кетіп жатыр?
- Ол судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына, 15 пайызы өнеркәсіпке, 2 пайыздайы ауыз суға пайдаланылады. Қалғаны коммуналдық шаруашылық, абаттандыру сияқты түрлі салаға жұмсалады.
- «Суды ұқсататын бас керек» деген сөздің бір жағы суды жинақтау мәселесі туралы болса керек. Бұған дейін су қоймаларына бөлінген қаражатты ысырап еткен комитет басшысының сотталғанын да көрдік қой. Осы бағытқа қандай тың жаңалық әкелмексіз?
- Президент өз Жолдауында ел аумағында 20 су қоймасын салу, 15 гидроқұрылымды күрделі жөндеу туралы тапсырма берді. Оның бәрі Қазақстан аумағында қалыптасатын судың көлемін жинақтау үшін керек. Осы 20 нысан салынып біткенде ел аумағында қосымша 4 текше шақырым су жинақтай аламыз.
- Ол су тапшы өңірлердің проблемасын қаншалықты шеше алады? Біздің білуімізше елдің әр өңірінде салынады ғой.
- Иә, 20 нысан елдің әр түкпірінде салынады, яғни бір өңірдің ғана мәселесін шешуге бағытталмаған. Бірақ, санмен айтсақ, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласы жылына шамамен 4 текше шақырым су тұтынады. Түркістан облысында да тура сондай. Жамбыл облысында дақыл суаруға бір жылда 1 текше шақырым су керек. Сонда салынатын 20 нысан Жамбыл облысының қажеттілігін 4 есе өтейді деген сөз.
Жемқорлық жағына келсек, конкурсты біз ойнатпаймыз – Қаржы министрлігі өткізеді. Біз соларға құжатын дайындап береміз. Конкурс аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші ретінде келісімшартқа біздің министрлік отырады. Ал тапсырстың қалай орындалғанын тексеретін орындар жеткілікті.
- Бұл 20 нысан қай жылы толық қолданысқа беріледі. Қандай көзден қаржыландырылады?
- Бір нысан салынып бітті. Келер жылға Түркістан облысына қаражат бөлінді. Сегіз нысан бойынша жобалық құжаттары келесі жылдың алғашқы жартысында дайын болады. Осыдан кейін құрылыс басталады.
- Көктем сайын Шығыста «Бұқтырма су қоймасы жарылғалы тұр» деген әңгіме тарайды. Оңтүстікте Шараданы айтып шошытады. Астананың өзінде «Сергеев су қоймасынан тасқын келе жатыр» деген фейктер желдей еседі. Қызылағаш трагедиясын көрген халыққа фейкке сенді деп ренжудің өзі артық шығар. Бұл бағытта қандай жоба-жоспарыңыз бар?
- Шардарада қайта жарақтау жұмыстары биыл бітті. Енді Көксарайдың жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз, аяқталуға жақын. Келесі жылы 38 су қоймасына көпфакторлы тексеру жүргіземіз. Оған қаражат бөлінді. Бұл нысандардың қайсысы қанша жылға жарамды екенін, қашан күрделі жөндеу жүргізу керектігін арнайы құрылғылармен есептеп шығарамыз. Осындай зерттеу арқылы 15 су қойманы жөндеу керектігі анықталған. Қазір жобалау-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз.
- Сонда сіз атаған 53 қойма – елдегі бүкіл нысанның неше пайызы?
- Бұл жөнінде инвентаризация жүргізгенбіз. Жалпы, елдегі су қоймаларының нақты саны – 352. Оның 87-сі біздің «ҚазСуШар» мекемесінің теңгерімінде. Мен атағандар ең ірі деген қоймалар. Қалған нысандардың бәрі жергілікті әкімдіктер балансында. Олардың қауіпсіздігіне, тиімділігіне солар жауап береді.
- Қазақстандағы жерасты суының көлемі қанша? Қай жылдардан бастап ол қорды үдемелі түрде пайдалана бастауымыз мүмкін? Ондай стратегияңыз бар ма?
- Біз қазір Ұлттық гидрогеология қызметін қалыптастырып жатырмыз. Жергілікті әкімдіктердің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір функцияларын сол қызметке аламыз. Кеңес заманынан қалған зерттеу жұмыстарының деректері бойынша жеріміздің астында 40 текше шақырымнан астам су бар. Қашан үдемелі пайдалана бастаймыз деген сұрағыңызға осы гидрогеологиялық қызмет құрылғаннан кейін жауап іздейді. Әзірге жерасты суының 3-5 пайызын ауыз суға ғана пайдаланып отырмыз.
- Трансшекаралық өзендерге қайта оралсақ. Олардың көбі бастауын мұздықтардан алады. Кезінде Экология министрі болған Мэлс Елеусізовтің мұздықтарды ақ түске бояп тастайық деген ұсынысына жұрт болып күлдік қой. Қазір Еуропаның кейбір елдері мұздықтарды сақтап қалу үшін түрлі авантюристік жобаларды зерттеп жатқанын көріп отырмыз. Сіздің бұл тұрғыдағы ұстанымыңыз қандай?
- Біздің жұмысымыз – бар суды елге дұрыстап жеткізу. Ал сіз айтып отырған мәселе енді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмысы болса керек. Сол үшін арнайы департамент жұмыс істейді. «Қазгидромет» те соларға қарайды. Біз мұздықтар мәселесімен айналысып жатқан жоқпыз.
- «ҚазСуШардың» жұмысын қайта форматтау қажет пе? Экс-министр Зүлфия Сүлейменова қызметінен кетіп жатқанда әлеуметтік желідегі парақшасында сізге бірнеше мәселені аманаттағандай болды. «ҚазСуШар»-дың мойнындағы қарыз туралы айта келіп, мекемедегі қаржылық заң бұзу фактілері бойынша процессуалдық шаралар қабылданатынына үміт білдірген-ді. Осы жөнінде тарқатып айтыңызшы. Экс-министр қандай заң бұзу фактісі туралы айтып отыр?
- Жоғары аудиторлық палатаның «ҚазСуШар» РМК қызметін тексеру қорытындысы бойынша қаржылық заң бұзушылықтар анықталған. Олардың бір бөлігі тексеру барысында жойылса, қалған ескертулер де жойылып жатыр.
Аталған заң бұзушылықтарға жол берген кінәлі адамдарға тәртіптік жаза тағайындалды. Ескертулер жойылып, объектілер белгіленген мерзімде қалпына келтіріледі. Қазір кәсіпорын қызметі тұрақты бақылауда.
- Су ресурстары және ирригация мамандарының айлығы қашан және қандай мөлшерде көтеріледі?
- Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25% ұлғаяды. Бұдан бөлек, Қазақстанның әр өңірінде су ресурстарын бөлу және оны пайдалануды бақылау мәселелерімен айналысатын бөлімдер пайда болады.
- Құрғақ жылдары бізге Жайық арқылы жетпей қалған судың орнын Ертістен толтыру туралы бастамалар айтылып жатады. Бұл қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз?
- Ресей тарапымен келіссөз арқылы жаз бен күзде «Ирикла» қоймасынан қосымша су алу көзделіп отыр. Жайық бассейнінде бірлесіп зерттеулер жүргізу туралы уағдаластық бар екенін айттық. Осының бәрін ескерсек, су аз жылдары Жайық арқылы Қазақстанға жетпей қалған судың көлемін Ертіс суымен толтыру мәселесі қарастырылмайды.

- Елдің батыс өңірлерінде, әсіресе Маңғыстау облысында ауыз су мәселесі өте өзекті. Осы мәселені Каспийге құятын салалардың ағысына зиян келтірмей қалай реттеуге болады? Маңғыстаудағы ауыз су мәселесі қашан нақты шешіледі? Сенат депутаттары су тұщыту жобаларына қарастырылған қаражат бюджетті нақтылау кезінде жоспардан түсіп қалғаны туралы мәселе көтерген еді. Соның аяғы не болды?
- Бүгінде Маңғыстау облысын сумен қамтамасыз ету көлемі – тәулігіне 156 800 текше метр. Жалпы, су үш көзден тартылады. «МАЭК» ЖШС-нен тәулігіне – 52 000 текше метр, «Каспий» су тұщыту зауыты» ЖШС-нен тәулігіне – 25 000 текше метр су, жерасты су кеніштерінен тәулігіне – 14 800 текше метр су, «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы Еділ өзенінен тәулігіне – 65 000 текше метр су алынады.
Ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін өңірде қуаттылығы тәулігіне 155 500 текше метр су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғы салынып жатыр.
Сондай-ақ Астрахань-Маңғышлақ суағарын реконструкциялау басталды.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылы қолға алынған. Жоба бойынша барлығы 177 шақырым құбыр ауыстырылады. Жобаны жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, Құйылыс-Меловое жобасы қолға алынды. Соның арқасында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының 188,2 мың тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, Қызан ауылында ауыз су мәселесін шешу үшін «Қазба-Ақшымырау-Қызан» су құбыры күрделі жөндеуде өткізіліп жатыр.
Министрлік Көкжиде жобасын ұсынып отыр. Оған қаржы бөлінсе, Маңғыстау және Атырау облыстарында таза ауыз судың қосымша көзі пайда болар еді.
- Каспий тартыла берсе, көл арқылы мұнай тасымалдау проблемаға айналуы мүмкін деген пайымдар айтылып жүр. Жаңа министрліктің басшысы ретінде Каспий мәселесіндегі ұстанымыңыз, стратегияңыз қандай?
- Президент тапсырмасы бойынша Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрылады. Институт Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын зерттеумен, оның ішінде су деңгейінің төмендеуін, теңіз сүтқоректілерінің жаппай қырылу себептерін анықтаумен, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтаумен, сондай-ақ Каспий маңындағы басқа мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз етумен айналысады. Каспий теңізінің қоршаған ортасына мемлекеттік мониторинг жүргізеді.
Институт қызметінің нәтижелері негізінде Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыты бойынша объективті және тәуелсіз ақпарат алу көзделген. Ол деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шаралар қабылдауына негіз болады.
- Іске сәт! Сұхбатыңызға рахмет.