Kiva, ДосболLIKE: Мектептегі буллингке қарсы екі бағдарлама енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің мектептерінде буллингке қарсы екі бағдарлама енгізілді. Оның бірі тәжірибеден өткен шетелдік бағдарлама болса, екіншісін отандық ғалымдар әзірлеген. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты.

буллинг
Фото: Canva

— Буллинг болған жағдайда жауапқа бала емес, ата-ана тартылады. Қазіргі таңда барлық мектептерге антибуллинг бағдарламаларын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі бағдарлама енгізіліп басталды. Біріншісі — әйгілі Kiva. Ол әлемнің бірнеше мемлекетінде жемісін берген бағдарлама. Екіншісі — министрліктің (ҚР Оқу-ағарту министрлігі – ред.) жанындағы «Өркен» балалардың саламаттығын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының» ғалымдары отандық үздік тәжірибелерді зерделей келе жасап шыққан «ДосболLIKE» бағдарламасы. Оны осы оқу жылының басынан бастап енгіздік. Олардың нәтижесі туралы айту үшін біраз уақыт өтуі керек болады. Алғашқы қорытындыларын оқу жылының аяғында аламыз деп ойлаймыз, — деді ол. 

Оның айтуынша, бұл бағдарламалар ең проблемалық мектептерге енгізілген.

Сондай-ақ, вице-министр бала тәрбиелеу ісінде мұғалім мен ата-ананың бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жоба қолға алынғанын айтты.

— 2023-2024 оқу жылында алғаш рет барлық білім беру ұйымдарында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген мемлекетіміздің саясатын көрсететін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Әрбiр баланың қалыптасуына тікелей ықпал ететін негізгі тұлға ата-ана екені белгілі. Бұл ретте қазіргі ата-ана тарапынан бала тәрбиесінде педогогикалық көмекке сұраныстың бар екенін көріп отырмыз. Содықтан мектептерде алғаш рет ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, табысты жұмыс атқарып жатыр, — деді Еділ Оспан. 

Айта кетейік, Биыл Психологиялық қолдау орталықтары 240 мыңға жуық оқушы мен олардың ата-аналарына көмек көрсетті.

 

Соңғы жаңалықтар