Қиыршық тас шығаратын зауыт жұмысшылары жалақыларын ала алмай жүр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Біршоғыр ауылында қиыршық тас өндіретін «Жаңатас» серіктестігінің жұмысшылары үш айдан бері жалақы ала алмай жүр. Олар жүздеген шақырым қашықтықта жатқан ауылдан Ақтөбе қаласына келіп, кеңсе есігін торуылдатып жүр. Алды бір аптадан бері ақша сұрап, туыстарының үйін паналаса, кейбірі ауылына кері қайта алмай әбігерге түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты Біршоғыр ауылы маңында қиыршық тас өндіретін «Жаңатас» компаниясы жұмысшыларына жалақы төлей алмай отыр. Күнде «ертең болады» деген жауапты естіп, шаршаған жұмысшылар бүгін кеңсе алдына жиналып, әкімдіктен көмек сұрады.
«Жалақы ала алмаған соң қазан айынан бастап прокуратураға, еңбек инспекциясына шағым түсірдік. Ешкімнен жауап келмеді. Қазір ауылдан, қалаға келдік. Бір аптадан бері кеңсеге келіп жүрміз, жауап жоқ. Бала-шағамыз күнде жылайды, несиеміз де төленбей жатыр. Тіпті, қайыр сұрап кетудің аз-ақ алдында жүрміз», - деді Мақсат Тәжібаев.
Жұмысшылардың бір бөлігінде заңды құжаттары бар. Олар келісімшарт негізінде еңбек етіп жатыр. Ал бір бөлігі ауызекі тілде келісіп, уағдаласқан.
«Қаладағы кеңсеге келіп, жалақымызды аламыз деп үміттендік. Бірақ ешкім нақты жауап бере алмайды. Ауылдан келдік, қазір қалтамызда бір тиын ақша қалмады. Ауылға қалай қайтарымызды білмейміз. Бәріміздің басымызда бірнеше несие бар, балаларымызға тамақ тауып беру мұң болып кетті»,- дейді Едіге Наурызбаев.
Ақтөбе қаласындағы «Жаңатас» серіктестігінің ғимараты есікті құлыптап қойған. Жұмысшылар бүгін тағы ішке кіре алмай, бос кетті. Ал мекеме басшылары мен заңгері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
Алтынай Сағындықова