Киіз үй енді әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі ретінде танылады – Ерлан Карин
АСТАНА. KAZINFORM – «Киіз үйді жасау және қолдану дәстүрі» аталымы кеңейтіледі. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграмдағы парақшасында жазды.
– Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО Үкіметаралық комитетінің 20-шы сессиясында «Киіз үйді жасау және қолдану дәстүрі» аталымын кеңейту туралы шешім қабылданды. Оны беделді тізімге 2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстан енгізген болатын. Бұл киіз үйді әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі ретінде тану мүмкіндігін арттырады және Орталық Азия мұрасының ортақ екенін айғақтайды, - деп жазды мемлекеттік кеңесші.
Ол сондай-ақ Қазақстан осыған дейін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне 14 аталым қосқанын, еліміз аталған көрсеткіш бойынша 183 мемлекеттің ішінде үздік 25 елдің қатарында тұрғанын ерекше атап өтті.
– Қазіргі таңда Қазақстанның «Салбурын» ұлттық өтінімі және «Кесте тігу өнері» (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан), «Киіз басу өнері» (Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан), «Алпамыс жыры» (Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан), «Тақия» (Қазақстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия) аталымдары ЮНЕСКО-ның қарауында екенін айта кеткен жөн, - деді Ерлан Қарин.
Еске сала кетейік, бұған дейін ЮНЕСКО Орталық Азия халықтарының киіз үйін мәдени мұра тізіміне қосқанын жазған едік.