«Қызғалдақ мекені» көрмесінің ерекшелігі неде
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Қазақбай Әжібекұлының «Қызғалдақ мекені» атты көрмесі басталды.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған көрмеге қылқалам шеберінің жүзден астам туындысы қойылған.
Көрме туған жердің тарихи жадын, ұлттық рухты, табиғи болмыс пен тәуелсіздік идеясын көркемдік тұрғыдан сабақтастырады. Экспозицияның негізгі идеясы – қазақ даласында тамыр жайған қызғалдақ бейнесі арқылы халықтың қайсарлығын, еркіндікке ұмтылысын және ұлттық болмысының өміршеңдігін көрсету.
– Мен өз шығармаларымда халқымыздың тарихы, дәстүрі, тұрмыс-тіршілігін бейнелеймін. Осы дүниелер көрерменнің жүрегіне жетіп, жылы сезім ұялатса, мен үшін үлкен қуаныш, зор бақыт. Бүгін ашылған көрмемді Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арнаймын. Мұнда ұлтымыздың өткені мен бүгінін, болмысы мен бітімін паш ететін, соңғы он жылда салған еңбектерім қойылған, – деді Қазақбай Әжібекұлы.
Сонымен қатар көрме кеңістігінде Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұрпақтар сабақтастығы көрініс табады. Алтын Орда дәуірі көріністері, шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби, дана Абай, ағартушылар мен Алаш қозғалысының көшбасшылары секілді тарихи тұлғалардың бейнелері ұсынылады.
Көрмеге келген мамандардың сөзінше, мұндай туындылар білім мен әділет, ұлттық еркіндік және жарқын болашақ идеяларымен сабақтасып, Тәуелсіз Қазақстанның рухани негізін айшықтайды.
Айта кетейік, өнерсүйер қауым көрмені 5 қаңтарға дейін тамашалай алады.
Еске салайық, бұған дейін Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің 45 жылдығына арналған көрме ашылғанын жазғанбыз.