Қызыл кітапқа енген үкінің аң аулаған сәті камераға түсіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жабайы табиғатта күн сайын сан түрлі оқиға болады. Бірақ олардың бәрін өз көзімізбен көре бермейміз.
Бұл жолы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының фототұзағы ерекше сәтті тіркеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген үкі қоян аулап жатқан сәтінде камераға түсіп қалды.
Үкі – түнгі табиғаттың ең шебер жыртқыштарының бірі. Оның өткір көру қабілеті, сезімтал есту мүшелері мен қуатты тырнақтары аң аулауға жақсы бейімделген.
Біз үшін бұл – сирек кадр. Ал табиғат үшін – тіршіліктің қалыпты заңдылығы. Жыртқыштар қоректік тізбектің маңызды бөлігі ретінде экожүйедегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға қатысады.
Осындай бейнежазбалар фототұзақтардың маңызын көрсетеді. Олар адам көзіне сирек түсетін жануарлардың тіршілігін мазаламай бақылауға, мінез-құлқын зерттеуге мүмкіндік береді.
Табиғаттың әрбір тұрғыны маңызды. Олардың тіршілік ету ортасын сақтау – ортақ міндетіміз.
Алтынемел табиғи паркіндегі фототұзақ маңында арқарлар жүргенін жазған едік.