Қызылордада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мәселесі талқыланды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау органдарының, басқармалардың, жергілікті оқу орындарының басшыларымен, профессорлар және студенттермен, адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездесті.
Онда «Заң мен тәртіп» қағидатын өңірлік деңгейде нақты іске асыру, құқық қорғау органдарының кәсіби әлеуетін арттыру, ғылым мен практиканың өзара байланысын күшейту мәселелері талқыланды.
Нұрлыбек Машбекұлы еліміздің құқық қорғау, заң шығару салаларындағы ауқымды реформаларға тоқталды.

- Мемлекет басшымыз 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияға арналған республикалық референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды.Конституция жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы сақталып, мемлекеттің унитарлы сипаты мен шекарасына, аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған.Біздің мақсатымыз ортақ, ол – Тәуелсіз еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыру.
Ал «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституция деңгейінде бекітілуі заң үстемдігі мемлекет пен қоғам өмірінің басты құндылығына айналатынын білдіреді.Бұл міндет, ең алдымен, құқық қорғау жүйесінің кәсібилігіне, кадр сапасы мен басқару мәдениетіне тікелей байланысты.
Былтыр 30 желтоқсанда Мемлекет басшымыз «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға қол қойды. Бұл заң құқықбұзушылықтың алдын алуды жазалау шараларынан басым қойып, профилактиканың бірыңғай жүйесін қалыптастырады. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқыққа қайшы мінез-құлықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бойынша кешенді әрі ведомствоаралық жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Президентіміздің тапсырмасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымына енгізілді. Бүгінде бағдарлама «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» ұстанымдары аясына жүйеленді. Бұл – болашағына алаңдайтын, ұрпақ тәрбиесін басты құндылық санайтын еліміз үшін айрықша маңызға ие бағыттар, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында Нұрғалым Әбдіров сөз сөйлеп, академия білікті кадрлар даярлап, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізетінін, оның түлектері құқық қорғау жүйесінің кәсіби әлеуетін нығайтып, «Адал азамат» қағидатын іске асыруға белсенді үлес қосатынын айтты. Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, Қорқыт ата атындағы университетінің ректоры Наурызбай Байқадамов, академияның кафедра меңгерушісі Артур Баймаханов күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.

Сөз қорытындысында облыс әкімі барша жұртшылықты алдағы маңызды саяси кезеңде елдік мүдде жолындағы іске жоғары жауапкершілікпен белсенді атсалысуға шақырды.


Жиын соңында аймақ басшысы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры, облыс прокуроры мен облыстық полиция департаментінің бастығы Қызылорда облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын құқықбұзушылықтардың профилактикасы саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойды.