Қызылорда ауруханасына зорлық көрген екі қыз бала түскен
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев Қызылорда облысында екі қыз баланың зорлық салдарынан ауруханаға түскенін растады.
- Қызылорда облысында болған оқиғаны жергілікті әкімдік жасырып отыр. Осыдан бір апта бұрын Қызылорда қаласындағы №253 мектепте 10 сынып оқушысын өгей әкесі зорлады деген ақпарат шыққан. Сонымен қатар Шиелі ауданында 5 жасар қыз да зорланыпты. Осы екі қыз облыстық балалар ауруханасында жатыр екен. Қазір олардың денсаулық жағдайы қандай, - деп сұрады журналист.
Бірінші вице-министр екі оқиғаның да болғанын растады.
- Менің айта алатыным, қазір ол екі қыз облыстық балалар ауруханасында. Қажетті медициналық көмек толығымен көрсетіліп жатыр. Мән-жайын медициналық құпия болғаннан кейін айта алмаймын. Полиция органдары қажетті жұмыс жасап жатыр, - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Осыған дейін зорлық-зомбылыққа шағымданған 85 астаналықтың 64-і арызын қайтып алғаны туралы жаздық.