Қызылорда халқы негізінен облыс және аудан орталықтарынан жер телімін алуға ынталы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жер кезегінің жылжуы жөніндегі ақпарат жүйеленбеген. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мұнымен айналыспайтынын мәлімдеді. Kazinform тілшісінің ресми сауалына Қызылорда қаласы мен жеті ауданның әкімдіктері жауап берді. 

Қызылорда халқы негізінен облыс және аудан орталықтарынан жер телімін алуға ынталы
Фото: АШМ

Облыстың солтүстігінде орналасқан қос ауданның бірі — Аралда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесі Арал қаласы мен Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерінде ретімен табысталып жатыр. Қалған ауылдық округтерде кезек қалыптаспаған.

— Арал қаласында электронды кезек басталғалы бері 9838 адам кезекке тұрса, 2025 жылы соның 46-сына жер телімі табысталған. 2026 жылдың басынан бері биылға жоспарланған 419 жер учаскесінің 106-сы табысталды. 2022 жылдан осы кезге дейін 623 жер учаскесі табысталған. Сексеуіл кенті бойынша электронды кезек басталғалы 913 адамның 2025 жылы 25-іне, биыл 3-іне жер учаскесі, Жақсықылыш кенті бойынша 2024 жылы 553 адамның 146-сына жер учаскесі табысталған, — делінген хабарламада.

Қазалы ауданында он сотық үшін кезек негізінен Ғани Мұратбаев ауылдық округі, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында түзілген. Аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ғани Мұратбаев елді мекенінің 614 тұрғыны кезекте тұр. Дегенмен, электронды кезек басталғалы бірде-бір жер берілген жоқ. Өйткені газ, ауызсу, жарық тартылғанымен жол салынбаған.

— 2007-2022 жылдар аралығында Әйтеке би кенті бойынша 9969 өтініш тіркелген. Электронды кезек басталғаннан 2025 жылға дейін базаның жұмыс істемеуіне байланысты биыл қанша адам тіркелгені белгісіз. Қазалы қаласында 2022 жылдан бастап 1282 адам, 2025 жылдың басында 2868, 2026 жылдың осы күніне дейін 3277 адам кезекке тұрды. Қазіргі таңда қала аумағында жер учаскесін табыстау үшін инфрақұрылым тарту жұмысы істеліп жатқан жоқ. Соңғы рет 2020-2021 жылдары Қазалы қаласы аумағынан 474 азаматқа жер учаскесі табысталған, — делінген әкімдік жауабында.

Статистикадан жергілікті тұрғындардың түгел дерлігі аудан орталықтарынан жер телімін алуға ықылас білдіргенін байқаймыз. Қармақшы ауданының орталығынан 2016 жылы 25, 2017 жылы 363 адамға он сотықтан бөлінген. Одан кейін ешқандай қозғалыс жоқ. Жалағаш ауданында электронды кезек 2022 жылы басталған, содан бері 964 адам үлес алуға тілек білдірген. Былтыр 11, биыл 2 жер учаскесі иелеріне табыс етілген. Шиелі кентінде жеке тұрғын үй үшін 2023 жылы 216, 2024 жылы 183, 2025 жылы 161 жер телімі берілген. Жаңақорған кентінде кезекте тұрғандар саны — 12 286. Бүгінгі күні 2015 жылы тіркелгендерге жер беріле бастады. 2025 жылы 33 тұрғын үй салу мүмкіндігіне ие болды.

— Жыл басында 40 адамның тізімі жасақталып, биыл 3 айда оның 5-і келісім берді. Қалған азаматтарға кент аумағындағы осыған дейін өзге тұлғаларға табысталып, алайда мақсатына сай пайдаланбай, 3 жыл мерзімі өткен, стадион аумағынан бұрын инфрақұрылымы жүргізілген бос жер учаскелері ұсынылып отыр, — делінген хабарламада.

Аудан әкімдіктері ауылдарда жер алудың аса қиындығы жоғын алға тартты. Өңірде кезектің басым бөлігі Қызылорда қаласында қалыптасқан — 70949 адам.

— 2021 жылдан бастап елімізде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіне тұру процесі толық электронды форматқа көшірілді. Бұл тұрғындардың кезекке тіркелуін айтарлықтай жеңілдетті. 2021-2026 жылдар аралығында электронды жүйе арқылы 11170 адам кезекке тіркелген, — делінген қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің хабарламасында.

Биыл 2006 жылдың алғашқы жартысында кезекке тұрған қала тұрғындарының алды жылжып жатыр.

Бұған дейін біз Атырау облысында 180 мыңнан аса адам жер кезегінде тұрғанын, биыл 900 жер учаскесін беру жоспарланып отырғанын жазған едік

Еске салсақ Қызылордада 20 жыл кезек күткендерге жер беріле бастаған еді