Қызылорда қаласына 14 қазанда «Шахмат керуені» келеді
«Шахмат керуені» 14 қазан күні Қызылорданың үздік ойыншыларын анықтайды, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстан шахмат федерациясының аймақтардағы интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасына Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр.
Бір айда Қазақстанның 12 аймағында турнир өткізген керуеннің келуіне орай сағат 10:00-де Орталық алаңда салтанатты шара өтеді.
Шара барысында шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир өтеді. Шахмат додасында 20 адам бақ таластырады. Олардың арасынан үш жеңімпаз ғана гранд-финалға жолдама алады.
Одан бөлек, жартылай финалдың 3 қатысушысы «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже», «16 жастан кіші үздік ойыншы» және «50 жастан асқан үздік қатысушы» аталымдары бойынша марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болады.
Турнирден кейін керуеннің құрметті қонағы, жасөспірімдер және жастар арасында 8 дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық деңгейдегі шахмат шебері Әсел Серікбай бір мезеттік ойын сеансын өткізеді. Сеансқа алдын-ала тіркелген 10 әуесқой шахматшы қатыса алады.
Айта кетсек, қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалда 60 ойыншы арасынан оза шапқан жеңімпаз 5 миллион теңгені өз қанжығасына байлайды. Ал керуеннің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды.