Қызылорда облысы жыл сайын 2 млрд текше метр су жоғалтады - сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Руслан Рүстемов өзінің депутаттық сауалында Сырдария өзені мен Қызылорда облысындағы суару инфрақұрылымының күрделі жағдайы туралы айтты.

Сырдария экожүйесіне қандай қауіп төніп тұр – «Экоаудит» жобасы Түркістанда
Фото: видеодан алынған скрин

Парламент депутаты Қызылорда облысында су тапшылығы аса өткір сезілетінін атап өтті. Себебі өңірдегі су ресурстарының 90 пайыздан астамы елден тыс жерлерден келеді. 
Оның айтуынша, бүгінде суару жүйелері мен Сырдария өзенінің арнасы апаттық жағдайға жақын, бұл ауыл шаруашылығы мен өңір тұрғындары үшін елеулі қауіп төндіруде.

- Каналдардың барлығы 1960-1970 жылдары пайдалануға берілгендіктен, бүгінде техникалық жағдайы өте төмен. Соның салдарынан суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті небәрі 60-65 пайыздан аспайды. Топырақ құрылымды каналдардан жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады, бұл дегеніміз республика бойынша жыл сайынғы су шығынының тең жартысы», – деді Руслан Рүстемов Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар сенатор құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 15 каналды бетондау бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалғанын, сондай-ақ тағы 33 канал бойынша жобалар әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл қадамдар су шығынын азайтып, үнемделген суды Арал теңізіне бағыттауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ депутат ұзындығы 12,5 мың шақырымды құрайтын шаруашылықішілік каналдардың әлі күнге дейін республикалық меншікке берілмеген мәселесін көтерді.

- Бірінші кезекте коммуналдық меншіктегі 15 каналды бетондауға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы республикалық бюджет немесе халықаралық қаржы ұйымдары есебінен қаржыландыруды қарастыруға, жыл сайынғы 2 млрд текше метр су шығынын болдырмау мақсатында қосымша 33 каналға әзірленіп жатқан құжаттарды мемлекеттік бюджет жоспарына енгізуге, 12,5 мың шақырымдық ішкі шаруашылық каналдарын республикалық меншікке қабылдап, 2018-2020 жылдары тиісті министрлікке ұсынылған құжаттама бойынша мәселені түпкілікті шешуді жеделдетуге, аталған жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуге ықпал жасауды сұраймын», – деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздің оңтүстігіндегі 103 ирригациялық каналды автоматтандыру басталды.