Қызылорда облысында 133 ересек адам қызылша ауруын жұқтырды
Қызылорда облысында жыл басынан бері нақтыланған қызылша ауруының 1106 жағдайы тіркелді. Олардың 133-і ересек адамдар арасында анықталып отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Жыл басынан бері Қызылорда облысында лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 1106 жағдайы тіркелді. Олардың 973-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Оның ішінде 252-і бір жасқа толмаған сәбилер арасында анықталды. Ересек тұрғындар арасынан 133 науқас аталған аурумен сырқаттанған.
«Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған. Олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 68%-ын құрады. Бұдан бөлек, 120 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар. Алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған. Тек 1 дозасын қабылдаған. Яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспаған. Ол ауруды жұқтырып алу жағдайына алып келді», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жанабергенова.
Ведомство мәліметінше, тиісті контингенттер арасында қосымша жаппай иммундау 6 қарашадан басталған. Қазірге дейін 3416 адам қызылшаға қарсы екпе алды. Бұл шара әлі де жалғасуда.