Қызылорда облысында 16 ауылда интернет жоқ
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 223 ауылдың 207-і, яғни 92 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Шалғайда орналасқан қалған елді мекендерге алдағы жылдарда интернет жеткізіледі.
Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығының» хабарлауынша, аймақта барлығы 223 елді мекен бар.
Оның ішінде 173-де тұратын халық саны 250 адамнан асса, қалғаны оған жетпейді.
Халық саны 250 адамнан асатын елді мекеннің барлығына және адам саны одан төмен 34 ауылға интернет жетіп тұр.
Ал шалғайда орналасқан 16 ауылға алдағы уақытта интернет жеткізу жоспарланып отыр.
— Халық саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету екі жоба бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, ол «Талшықты-оптикалық байланыс желісін салу» (ТОБЖ) және «Интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділік» (ИМКҚ) арқылы жүргізіледі. Алғашқы жоба бойынша ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірдің ауылдық елді мекендегі 73 мемлекеттік органына арналған талшықты-оптикалық байланыс желісін құрылысы толығымен аяқталды, 64 ауылдық әкімдік, 72 білім беру және 69 медициналық мекемелері аталған желіге қосылды. Министрліктің «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2023-2027 жылдар аралығында ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіледі. Бұл бойынша 62 елді мекеннің 194 мемлекеттік органына (25 әкімшілік, 57 білім, 52 аурухана, 18 балабақша, 24 кітапхана, 18 мәдениет үйі) кеңжолақты талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, — деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінен.
Жоба шеңберінде 2023-2027 жылдар аралығында Мойнақ, Тастүбек, Жуантөбе, Ақтам елді мекендері мобильді интернетпен қамтамасыз етілмек.
Биыл «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС (Билайн) 10 елді мекенді сапалы кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етті.
Сондай-ақ ұлттық жоба аясында Қызылорда облысы бойынша «Қызылорда-Жезқазған» автожолы бойына және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында автомобиль жолдарының бойында 9 антенна-діңгек құрылысы жоспарланған.
Осылайша 2027 жылға дейін автожол бойы сапалы байланыспен қамтамасыз етіледі.
Қызылорда қаласында 5G технологиясының 40 нүктесі жұмыс істейді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада пиротехникалық өнімдерге қатысты 12 әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталды.