Қызылорда облысында 18 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды

Вакцина
Фото: Pixabay

Қызылорда облысында 6 қарашадан бастап 18 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы вакцина қабылдады, деп хабарлайды Kazinform.

Облыста қызылша ауруына шалдыққандардың 80 пайызы - бұрын ауруға қарсы екпе алмаған азаматтар. Бүгінгі таңда тиісті контингенттер арасында жаппай иммундау шаралары жүргізілуде. 6 қарашадан бастау алған екпе алу науқанында 18 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы вакцина қабылдады. Иммундау шарасы әлі де жалғасуда.

«Бұл ауру адамнан адамға ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қысқа уақытта аурумен қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыруы әбден мүмкін. Әсіресе 1-4 жас аралығындағы балалар арасында ол көп кездеседі. Сондықтан балалар арасында қызылшаға қарсы вакцинациялау қарқынды жүргізілуде», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Жыл басынан бері облыста қызылша ауруының 1 161 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1017 жағдай анықталды.

«Қызылшамен ауырған адам ең алдымен оқшауланып, қоғамдық ортада жүрмеуі керек. Аурудың жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммундалған жағдайда жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері: әлсіздік, тәбеттің болмауы, дене қызуының көтерілуі, жөтелдің пайда болуы. Одан кейін жұмсақ және қатқыл таңдайда бөртпелер пайда болады. Егер адам дәл осындай белгілерді өзінен байқаса дереу медициналық көмекке жүгінуі керек. Қызылша ауруының алдын алудың негізгі жолы – екпе алу. Осы арқылы ғана аурудың өршуін тоқтатуға мүмкіндік болады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында 22 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды.

 

Соңғы жаңалықтар