Қызылорда облысында 67 мыңға жуық адам қызылша ауруына қарсы екпе алды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында 67 мыңға жуық адам қызылша ауруына қарсы екпе алды. Нәтижесінде аймақта қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанып келеді.

Өткен жылдың қараша айында ауруға шалдығудың 500 дерегі тіркелген болса, желтоқсан айында 474 жағдайды құрады. Ал биыл қаңтар айында 366 дерек тіркелді. Яғни, төмендеу тенденциясы байқалады.
«Бұл ретте қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау науқанының тиімділігін көруге болады. Өткен жылдың 6 қарашасынан басталған бұл шара аясында 66 893 адам ауруға қарсы екпе алды. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, вирус айналымын әлсірету үшін әлі де тиісті контингент екпемен қамтылып, қорғаныш қабілетін нығайту керек. Қазір аймағымыздағы барлық емханада қызылшаға қарсы қосымша иммундау жалғасып жатыр. Екпеден кейінгі асқыну жағдайлары болған жоқ. Ата-аналарды 6-11 айлық сәбилерін, 2-5 жас аралығындағы балаларын ауруға қарсы егуге шақырамыз. Бұдан бөлек, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір бала 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцина алуы қажет», - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында 83 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцина салдырды.