Қызылорда облысында 83 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцина салдырды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету үшін 84 430 доза вакцина сатып алынды. Бұл мақсатта жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып келеді. 

егу
Фото: Pixabay

Вакцина салдыру алдымен ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген тиісті контингенттерге жүргізілді. Олардың қатарында денсаулық сақтау қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектер, қарттар үйінде тұратын азаматтар бар. Сондай-ақ ол эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жүргізілді. Нәтижесінде 83 168 адам тұмауға қарсы екпе қабылдады.

«2023-2024 жылғы жаңа эпидмаусымда облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекцияның 60 545 жағдайы тіркелді. Олардың 67 проценті - 14 жасқа дейінгі балалар. Есепте тұрған жүкті әйелдер арасындағы ЖРВИ-ға шалдығу көрсеткіші 1,6%-ды құрап отыр. Науқас адамдарды ауруханаға жатқызу көрсеткіші – 5 пайыз. Облыс көлемінде жедел респираторлы вирусты инфекцияның ауыр ағымдағы 1 697 науқастың сынамасы тұмау ауруына тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының 310 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігінен тұмау вирусының А түрі (308), қалған 2 жағдайда тұмау вирусының В түрі анықталды», - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Еске салсақ, бұдан «Коронавирустан сақтану үшін қандай талаптарды орындаған жөн» тақырыбында маман кеңесі берілді.

Соңғы жаңалықтар