Қызылорда облысында алғаш рет бауырға трансплантация жасалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда облысында алғаш рет бауырға трансплантация жасалды.

Көпбейінді облыстық ауруханада дәрігерлер алғаш рет осындай күрделі ота қолға алынды. Туыстық донордан 1985 жылғы азаматшаға бауыр трансплантациясы жасалды. Донор 1993 жылы дүниеге келген, ол - күйеуінің інісі.

Науқас 2016 жылдан бері бауыр циррозы ауруымен Д санатында есепте тұрған, Консервативті алған емі нәтижесіз болған.

Күрделі отаға А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас дәрігері Болатбек Баймаханов, аталған орталықтың бөлім меңгерушісі, хирург-трансплантолог Мақсат Досханов, бөлімінің меңгерушісі, хирург-трансплантологтар Серік Тілеуов, Жамбыл Оспан, көпбейінді облыстық аурухана директоры, PhD, хирург-трансплантолог Жасұлан Баймаханов, аурухана директорының орынбасары Ербол Серікұлы және өзге де дәрігерлер қатысты.
- Облыста бауыр ауруының барлық түрімен сырқаттанып жүрген науқастар саны артып отыр. Былтырғы есеп бойынша бауырдың вирусты гепатит В, С, Д ауруларымен 2437 адам тіркелген. Оның ішінде бауыр циррозымен 441, вирусты емес бауыр циррозымен 76 адам ауырды. Облыстың 15 тұрғыны Алматы, Астана қалаларында бауыр трансплантациясын жасатқан, - деді көпбейінді облыстық аурухана директоры Жасұлан Баймаханов.
Донордың бауырының 60-65 пайызы реципиентке салынды. Он сағатқа созылған ота сәтті өтті.
Еске салсақ, былтыр Қызылордада 1400-ге жуық бала қызылша жұқтырған.