Қызылорда облысында автогаз тапшы: Жағдайды әкімдік түсіндірді

Қызылорда облысында қазан айында автогаз құю станцияларында отын тапшылығы байқалды. Өңір әкімдігі жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

жанармай құю
Фото: freepik.com

Қызылорда облысының аумағында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы бекітілген. Шалғайдағы аудандарды қоспағанда оның құны – 1 литр үшін 64 теңге. Ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам шалғайдағы аудандар үшін автогаздың литрі 69 теңгені құрайды.

«Энергетика министрлігі жеткізілім жоспарына сәйкес Қызылорда облысына айына орташа есеппен 6-7 мың тоннаға жуық газ бөліп келеді. Биылғы қазан айында «Қазгермұнай» БК» мекемесінде газ дайындау қондырғысында термиялық май жүйесі толық ауыстырылды. Осыған байланысты қазан айына бекітілген сұйытылған мұнай газдың көлемі 529 тоннаға азайтылды. Осы себеппен облыс аумағындағы газ желісі ұйымдары тұтынушыларды толық көлемде қамтамасыз ету үшін кейбір автогаз құю бекеттерінде талон арқылы және уақытша шектеумен сатуды белгіледі», – деп мәлем етті Қызылорда облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан.

Ведомство мәліметінше, биылғы жылдың қараша айына бекітілген сұйытылған мұнай-газ көлемі қазан айынан 19% көп.

«Газ желісі ұйымдарының мәліметіне сәйкес енгізілген шектеулер қараша айында алынып тасталады. Уақытша орын алған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселе басқарманың бақылауында және алдағы уақытта оң шешімін табатынын хабарлаймыз», –деп толықтырды басқармадан.